Бірқатар ауру анықталды: Киіктерге вакцина егу мүмкін емес

АСТАНА. KAZINFORM — Киіктерге вакцина егу мүмкін емес. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрілігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің төрағасы Қазбек Ташимов мәлім етті.

ақбөкен
Фотоны Қайсар Кушалиев ұсынған

Атап айтқанда, бүгін Мәжілістегі Аграрлық мәселелер комитетінің кеңейтілген отырысында киіктің егіс алқаптары мен шабындықтарды таптап кетуінен Батыс Қазақстан және Ақмола облысының фермерлері мен ауыл тұрғындары зардап шегіп жатқаны айтылды.

— Киік санының шектен тыс көбеюі ветеринария саласын да алаңдатып отыр. Эпизоотиялық ахуалдың тұрақтылығы біз үшін бірінші кезекте тұр. Олардың санының күрт артуы көптеген факторларға алып келуі мүмкін. Ветеринария бойынша ұлттық референттік орталық Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетімен бірлесе біраздан бері эпизоотиялық мониторингті жүргізіп келеді. Жалпы, ұлттық референттік орталық былтырдың өзінде жабайы фаунаға 1,5 мыңнан астам зерттеу жасады. Соның нәтижесінде бірқатар аурулардың деректері кездесті, — деді Қ. Ташимов.

Оның айтуынша, аңның арасында жиі таралатын аурулардың таралуына жол бермеу мақсатында киіктерге вакцина салу мүмкін емес. Сондықтан жүргізген мониторинг нәтижесінде, қолдағы малға вакцина егу көрсеткіші артты. Әсіресе, киік көп тараған Батыс Қазақстан облысында осы жұмыстар күшейтілді.

Бұдан бұрын хабарланғандай, қазақ ғалымдары киікті арнайы тәлімбақта өсіріп, зерттеп жатқанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар