Бірінші сыныпқа қабылдау OQU платформасында іске қосылды

АСТАНА. KAZINFORM – Биыл елімізде 380 мың бала бірінші сыныпқа қабылданады. Ал бірінші сыныпқа қабылдау алғаш рет Бірыңғай OQU платформасы аясында кезең-кезеңімен іске қосылды. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шынар Ақпарова мәлім етті.

Первый звонок
Коллаж: Kazinform

Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ол жаңа оқу жылына дайындық барысы мен оқушылар санына тоқталды.

– Қазір еліміздегі 8 мыңнан астам мектепте 4,1 млн оқушы білім алып жатыр. Биыл 380 мың бала бірінші сыныпқа қабылданады. 11-сыныпқа 227 мың оқушы көшті. Өткен оқу жылында 230 мыңнан астам оқушы мектеп бітірді, – деді Шынар Ақпарова.

Оның айтуынша, 1-сыныпқа қабылдау алғаш рет QazTech платформасында Бірыңғай OQU платформасы аясында кезең-кезеңімен іске қосылды.

Жаңа оқу жылында бастауыш сыныптардағы бағалау тәсілдері де жаңартылады. Бөлім бойынша жиынтық бағалау (БЖБ) мен тоқсан бойынша жиынтық бағалау (ТЖБ) алынып тасталып, күнделікті қалыптастырушы бағалаудың рөлі күшейтіледі.

– Диктант, мазмұндама, шығарма, жоба, ауызша және практикалық жұмыс секілді бағалау әдістерін мұғалім өзі таңдап, аралық бақылау ретінде қолданады, – деді бірінші вице-министр.

Сонымен қатар үлгілік оқу жоспарларының құрылымы оңтайландырылды. Оқушылардың барлық оқу пәнін толық оқуына мүмкіндік беру үшін қысқартылған үлгілік оқу жоспарлары алынып тасталды.

Айта кетейік, бұған дейін Оқу-ағарту министрі Қазақстанның 12 жылдық білім беру жүйесіне көшу мәселесіне қатысты пікір білдірген еді.