Бірінші жарты жылдықта өңдеу өнеркәсібі 9,8%-ға өсті
АСТАНА. KAZINFORM – Осы жылдың бірінші жарты жылдығында өңдеу өнеркәсібінің өсімі 9,8 пайызды құраған. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев мәлімдеді.
– Өндіріс көлемі машина жасау, химия өнеркәсібі, құрылыс материалдары, резеңке және пластмасса бұйымдары өндірісі, жеңіл өнеркәсіп және басқа да салаларда артты. Бұл өсім негізінен жаңадан іске қосылған өндіріс орындарының есебінен қамтамасыз етілді, – деді министр.
Ерсайын Нағаспаевтың айтуынша, машина жасау саласы бірінші жартыжылдықта 23,1 пайызға өскен.
– Бұл салада көлік құралдарын, ауыл шаруашылығы және теміржол техникасын, сондай-ақ тұрмыстық техниканы өндіру көлемі артты. Өсім ішкі сұраныстың артуы мен инвестициялық жобаларды іске асыру есебінен қамтамасыз етілді, – деді ол.
Сонымен қатар жеңіл өнеркәсіпте өндіріс көлемі 94,8 пайызға өскен. Әсіресе, тоқыма бұйымдары, киім және былғары өнімдерін өндіру қарқыны артқан.
Министрдің айтуынша, химия өнеркәсібінде де 20,7 пайыз өсім тіркелген. Атап айтқанда, күкірт қышқылы, аммофос, каустикалық сода, аммиак селитрасы және сары фосфор өндірісі ұлғайыпты.
Ал құрылыс материалдары өндірісі 14,1 пайызға жеткен.
- Сондай-ақ құрылыс саласында бірінші жарты жылдықтың қорытындысы бойынша, жұмыс көлемі шамамен 4,1 триллион теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 15,2 пайызға артты, - деді министр.
Айта кетейік, бүгін Үкімет республикалық бюджеттің атқарылу барысына назар аударады.