Брюссель әуежайы әуе кеңістігінде дрон байқалғаннан кейін уақытша жабылды

АСТАНА. KAZINFORM – Сейсенбі кешке Еуропа астанасындағы Завентем әуежайы оның әуе кеңістігінде дрон байқалғаны туралы хабардан кейін уақытша жабылды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі. 

Брюссель әуежайы әуе кеңістігінде дрон байқалғаннан кейін уақытша жабылды
Фото: Tiqets.com

Дрон шамамен сағат 20:00–ге жуық анықталып, соның салдарынан барлық ұшу мен қону рейсі уақытша тоқтатылған.

— Қауіпсіздік мақсатында қазіргі уақытта барлық әуе қатынасы тоқтатылды, — деді әуекомпания өкілі.

Барлық келетін рейстер Льеж қаласына бағытталған.

Кейінірек әуежай өкілдері хабарлағандай, әуе кеңістігі қайта ашылып, рейстер қалпына келтірілді. Бұл туралы жергілікті БАҚ хабарлады.

Бұл оқиға Еуропаның түрлі бөліктерінде дрондардың байқалуына байланысты қауіпсіздікке алаңдаушылық тудырған соңғы жағдайлардың бірі. Өткен жұма күні Берлин-Бранденбург әуежайы да дрон қаупіне байланысты рейстерін тоқтатуға мәжбүр болған.

Брюссель әуежайы үстінен дрон байқалғаны алғаш рет тіркеліп отыр. Алайда осы айдың басында Бельгиядағы бірнеше әскери база үстінен күмәнді дрондар көрінген. Елдің қорғаныс министрі Тео Франкеннің айтуынша, бұл дрондар «жауынгерлік ұшақтар мен оқ-дәрі қоймаларына тыңшылық жасауға әрекеттенген болуы мүмкін». 

Айта кетелік Брюссельде алғаш рет Еуроодақ пен Мысыр саммиті өтті

Соңғы жаңалықтар