Брюссельде соғыста қаза тапқандардың ескерткішіне гүл қойылды
АСТАНА. KAZINFORM - Брюссельде Жеңістің 81 жылдығына арналған еске алу рәсімі өтті. Іс-шараға ТМД елдерінің Бельгиядағы дипломатиялық өкілдіктері қатысты, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Брюссельдегі меншікті тілшісі.
Дипломаттар Бельгияны азат ету жолында қаза тапқан кеңес жауынгерлері мен Қарсыласу қозғалысына қатысқан бельгиялықтардың ескерткішіне гүл шоқтарын қойды.
Қазақстан атынан рәсімге еліміздің Бельгия мен Люксембургтегі Төтенше және Өкілетті Елшісі, Қазақстанның Еуроодақ пен НАТО жанындағы миссиясының басшысы Роман Василенко қатысты. Сонымен бірге Бенилюкс елдеріндегі әскери атташе және Қазақстан Қорғаныс министрлігінің НАТО жанындағы әскери өкілі де гүл шоқтарын қойды.
Брюссельдегі Эвер коммуналық зиратында Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қаза тапқандардың жаппай жерленген орны бар. Мұнда кеңес азаматтарының да қабірлері орналасқан.
Қоршалған аумақта марқұмдардың аты-жөні, туған және қайтыс болған жылдары жазылған шағын құлпытастар қойылған.
1999 жылы осы жерде Бельгияда қаза тапқан кеңес азаматтарына арналған ескерткіш орнатылған. Ескерткіште орыс, француз және нидерланд тілдерінде «Бельгияны азат ету жолында қаза тапқан кеңес азаматтарына» деген жазу қашалған.
Жыл сайын Жеңіс күніне орай бұл жерде гүл қою рәсімі өтеді. Оған ТМД елдерінің дипломаттары, офицерлері және шетелдік өкілдіктердің қызметкерлері қатысады.
Осыған дейін әскери дипломаттардың Қытайда қаза тапқан қазақстандық жауынгерлердің рухына тағзым еткені туралы жаздық.