Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Бішкек әуежайында ШЫҰ саммитіне байланысты рейстер шектеледі

АСТАНА. KAZINFORM — «Манас» халықаралық әуежайы ШЫҰ саммиті мен Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының өтуіне байланысты 31 тамыз және 1 қыркүйек күндері арнайы жұмыс режиміне көшеді, деп хабарлайды Kazinform агенттігі Kabar-ға сілтеме жасап.

Бішкек әуежайында ШЫҰ саммитіне байланысты рейстер шектеледі
Фото: Kabar

Бұл күндері күндізгі уақытта тұрақты жолаушылар рейстерін қабылдау және жөнелту уақытша шектеледі. Бұл ШЫҰ саммиті мен Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының өтуіне байланысты мемлекет басшылары мен ресми делегациялардың әуе кемелерін қабылдау және оларға қызмет көрсету жұмыстарын ұйымдастыруға байланысты.

31 тамызда шектеулер сағат 09:00–ден 20:00–ге дейін қолданылады. Осы кезеңде саммитке қатысушылардың келуіне байланысты жолаушылар рейстерін қабылдау және жөнелту уақытша шектеледі.

1 қыркүйекте әуежай арнайы режимде жұмысын жалғастырады. Жолаушылар рейстерін орындауға қойылатын шектеулер сағат 10:00–ден 22:00–ге дейін күшінде болады.

— Қазіргі уақытта «Қырғызстан әуежайлары» ААҚ әуе компанияларымен бірлесіп қажетті үйлестіру және ақпараттық жұмыстарды жүргізіп жатыр. Тасымалдаушыларға рейстер кестесін алдын ала түзету: жекелеген рейстердің орындалу уақытын қолжетімді уақыт аралықтарына ауыстыру немесе қажет болған жағдайда оларды тоқтату ұсынылды, — делінген «Қырғызстан әуежайлары» ААҚ хабарламасында.

Бұл ретте «Манас» халықаралық әуежайы жұмысын толық тоқтатпайды. Түнгі уақытта, шектеулер қолданылмайтын кезеңде, әуежай жолаушылар рейстеріне қызмет көрсетуді жалғастырады.

31 тамыз және 1 қыркүйек күндері сапар жоспарлап отырған жолаушылардан қолданыстағы кестені мұқият қадағалап, рейстерінің мәртебесін әуе компаниясынан алдын ала нақтылап, ұшу және қону уақыты өзгеруі мүмкін екені ескертілді.

Еске салайық, бұған дейін ШЫҰ саммитіне байланысты Бішкек тұрғындарына қаладан уақытша кетуге кеңес берілген еді.