Бішкек ШЫҰ саммитін өткізуге қызу дайындалып жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — 31 тамыз бен 1 қыркүйекте Бішкекте Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті және VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Бішкектегі меншікті тілшісі.
Ауқымды халықаралық іс-шаралар қарсаңында Қырғызстанның астанасы ажарланып, көркейе түсті. Қала көшелері мен қоғамдық орындар ретке келтіріліп, инфрақұрылым жаңартылып, қауіпсіздік шаралары күшейтілді.
Қаланың орталық аудандарын абаттандыруға және ресми іс-шаралар өтетін орындарды дайындауға ерекше көңіл бөлініп отыр.
Қала билігі жоғары деңгейдегі қонақтарды лайықты қарсы алып, Бішкектің заманауи әрі қонақжай қала екенін көрсетуге тырысып жатыр.
Жоғары деңгейдегі іс-шараларға орай «Манас» халықаралық әуежайы толық жаңғыртылды. Инфрақұрылымды жақсарту және жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттыру бойынша жұмыстар жүргізілді.
Әуежайға апаратын жол айрығына ілбіс бейнеленген жаңа стела орнатылды.
Саммитке арнайы Орталық Азиядағы ең ірі конгресс нысандарының бірі — «Ырыс-Ордо» салынды. Оның аумағы 39 мың шаршы метрден асады және бір мезетте 2 мыңнан астам қонақты қабылдай алады.
Конгресс орталығында 1238 орындық «Құрылтай» конференц-залы, 1 000 орындық банкет залы, 235 орындық баспасөз залы, сондай-ақ жоғары деңгейдегі кездесулер мен келіссөздер өткізуге арналған заманауи залдар бар.
Еске салайық, бұған дейін Бішкектегі ШЫҰ саммитінде нендей мәселелер талқыланып, қандай шешімдер қабылданатыны туралы жазғанбыз.