Бішкекте бүгін ШЫҰ саммитінің отырысы өтеді
БІШКЕК. KAZINFORM — Бүгін Бішкекте Қырғызстанның төрағалығымен Шанхай ынтымақтастық ұйымына (ШЫҰ) мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің кезекті отырысы басталады. Сондай-ақ, «ШЫҰ+» форматында жоғары деңгейдегі кездесу өтеді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Бішкектегі меншікті тілшісі.
Іс-шараларға ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің басшылары мен өкілдері, шақырылған елдердің, сондай-ақ БҰҰ-ны қоса алғанда бірнеше халықаралық ұйымның басшылары қатысады.
Талқылаудың негізгі тақырыптары халықаралық және аймақтық мәселелер, Ұйымды одан әрі дамытудың басым бағыттары, сондай-ақ саяси, сауда-экономикалық, көлік-логистика, цифрлық, экологиялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты тереңдету перспективаларын қамтиды.
Іс-шара ШЫҰ-ның 25 жылдығына орайластырылып, Қырғызстан төрағалығының қорытындылары шығарылады.
Саммит қорытындысы бойынша құжаттар пакетін қабылдау жоспарланған, олардың ішінде ең маңыздысы — Одақтың алдағы жылдарға арналған даму векторын анықтайтын ШЫҰ-ның 25 жылдығы туралы Бішкек декларациясы.
Саммит жұмысын 250 жергілікті және 800 шетелдік БАҚ өкілі хабарлап отыр.
Осыған дейін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ШЫҰ жиындарына қатысу үшін Бішкекке барғаны хабарланды.
Мемлекет басшысы сондай-ақ Бішкекте өтіп жатқан VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының ашылу салтанатын тамашалады.
Бішкек саммитінде нендей мәселелер талқыланып, қандай шешімдер қабылданатынын мына материалдан оқи аласыз.