Бішкекте Түркі академиясының қырғыз тіліндегі жаңа басылымдары таныстырылды
БІШКЕК. KAZINFORM – Қырғыз Республикасының Түркі мемлекеттері ұйымына төрағалығы аясында Халықаралық Түркі академиясы Бішкекте жаңа басылымдарын таныстырды. Жиында соңғы екі жылда қырғыз тіліне аударылған ғылыми еңбектер, кітаптар және зерттеулер көпшілікке ұсынылды.
Қырғызстан ғылымдарына академик В.В. Бартольдтың ғылым мен мәдениетке зор үлес қосқан ұлы әмірші және ғалым жайында сыр шертетін «Ұлықбек және оның дәуірі» атты еңбегі, Әзербайжанның көрнекті мемлекет қайраткері Мұхаммед Әмин Расулзаденің түркі мемлекеттері арасындағы тұңғыш демократиялық республика (1918–1920) тарихын баяндайтын «Әзербайжан Республикасы» еңбегі, Заманауи өзбек әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі Абдурауф Фытраттың сол кезеңдегі Бұхараның тұрмысын айшықтайтын «Үнді саяхатшысының естеліктері (Бұхара қаласының шынайы келбеті)» шығармасы, түркі дүниесінің көрнекті идеологтары, ағартушылары мен қайраткерлерінің еңбектері енген «Түркі халықтарының философиялық-саяси ой тарихы» хрестоматиясының бірінші томы ұсынылды.
Сонымен бірге, алғаш рет «Қырғызстанның Баткен облысындағы Егіз-Қара мен Ақ-Таш петроглифтері» атты Түркі Академиясының ғылыми альбом-монографиясы ұсынылып отыр. Баткен өңіріндегі көне петроглифтер жүйелі түрде жинақталып, ғылыми сипаттамалар мен сапалы иллюстрациялармен толықтырылған бұл басылымда ежелгі қырғыздардың бай тарихы паш етіледі.

Түркі академиясының президенті Шаһин Мұстафаев академияның түркі мемлекеттері мен халықтарының ынтымақтастығын тереңдетуге бағытталған маңызды ғылыми және мәдени жобаларды жүзеге асырып жатқанын атап өтті.
– Бұл еңбектер тек ғылыми ынтымақтастық көкжиегін кеңейтіп қана қоймай, түркілік бірегейлікті нығайтып, ортақ мәдени мұрамызды сақтауға қызмет етеді. Таныстырылған бастамалардың барлығы да қырғыз жерінде түркітанудың дамуына әрі бауырлас халықтар арасындағы байланыстарды бекемдеуге үлес қосарына сенемін, – деді Ш. Мұстафаев.
Түркі Академиясы әзірлеген терминологиялық сөздіктерімен қатар, түркі елдерінің ынтымақтастығының маңызды бағыттарына, мәселен, экономика, көлік және энергетикалық өзара байланыс, азық-түлік қауіпсіздігі мен орнықты даму, су ресурстарын бірлесіп пайдалану, білім беру және ғылыми ықпалдастық секілді мәселелері қамтылған сараптамалық баяндамалар да таныстырылды.
Шараға Қырғыз Республикасы Министрлер Кабинеті төрағасының орынбасары Эдиль Байсалов, Қырғыз Ұлттық ғылым академиясының президенті Қанат Абдрахматов, Қырғыз Республикасы Президентінің кеңесшісі, Тарих ғылымын дамыту жөніндегі комиссия төрағасы Арслан Қойчиев және ғылыми-мәдени қауымдастық өкілдері қатысты.
Айта кетейік, Түркі мемлекеттері ұйымының туы ғарышқа жіберіледі.