Бішкекте ТүркПА-ның экономикалық ынтымақтастық жөніндегі отырысы өтті

Бішкек
Фото: Гүлмира Абдрахманова/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Қырғызстан астанасында Түркі мемлекеттері Парламенттік Ассамблеясы (ТүркПА) экономикалық ынтымақтастық комиссиясының «ТүркПА-ға мүше мемлекеттердің сауда миссиялары: ұлттық экономиканы нығайту және бірлескен экономикалық ынтымақтастыққа үлес қосу» тақырыбындағы 11-ші отырысы өтті.

Оның жұмысына Әзербайжан, Қазақстан, Қырғызстан, Түркия парламенттік делегациялары қатысып, өздерінің кіріспе сөзінде Қазақстан халқына ауқымды су тасқынына байланысты қолдау білдіретінін айтты.

Комиссия отырысында баяндаманың жобасы, «Сауда өкілдері туралы» және «Айналымға шығарылатын өнімнің қауіпсіздігі мен сапасының негіздері туралы» үлгілік заң жобалары, сондай-ақ комиссияның консультативтік шешімінің жобасы қаралды.

ТүркПА Экономикалық ынтымақтастық комиссиясының төрағасы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Анас Баққожаев Қазақстандағы ауқымды су тасқынына байланысты бейнеконференцбайланыс режимінде қатысты. Отырысты аша отырып, ол ТүркПА-ға мүше мемлекеттер арасындағы экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға, сауда-экономикалық байланыстарды нығайтуға ерекше назар аударды. 

Бішкек
Фото: Гүлмира Абдрахманова/Kazinform

ТүркПА Экономикалық ынтымақтастық комиссиясы төрағасының орынбасары, Қырғыз Республикасы Жогорку Кенешінің депутаты Чолпон Сұлтанбекова өз сөзінде сауда-экономикалық қарым-қатынастарды дамытуда елдер арасындағы халықаралық, экономикалық және сауда байланыстарын кеңейту және тереңдету септігін тигізетін сауда өкілдіктері ерекше орын алуы тиіс екенін атап өтті.

ТүркПА Бас хатшысы Мехмет Сурейя Эрдың атап өтуінше, экономикалық интеграция әлемде маңызды рөл атқарып, елдер арасындағы экономикалық өзара іс-қимылды дамытуға ықпал етіп отыр. Оның пікірінше, бұл тұрғыда заңнаманы үйлестіру және үлгілік заңдарды әзірлеу салаларындағы мәселелер де маңызды.

ҚР Сауда және интеграция министрлігі Техникалық реттеу және метрология комитетінің төрағасы Қуаныш Елікбаев әзірленген және ТүркПА аймағындағы сауда мен экспортты дамытудағы техникалық кедергілерді жоюға бағытталған «Айналымға шығарылатын өнімнің қауіпсіздігі мен сапасының негіздері туралы» модельдік заң жобасына қысқаша талқылады.

«Белгілі болғандай, 2023 жылы 3 қарашада Астанада өткен Түркі мемлекеттері ұйымының саммитінде Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «TURKTIME!» ұранымен аталған ұйымға төрағалық етті, бұл аббревиатураның әріптері «Unification» (сәйкестендіру) дегенді білдіреді. Осы қазақстандық бастама аясында Түркі мемлекеттері үшін айналымға шығарылатын өнімдердің қауіпсіздігі мен сапасы негіздері туралы үлгі заң жобасы ұсынылды. Қысқа мерзімде ТүркПА-ға мүше елдердің парламенттері мен мемлекеттік органдарының өкілдерінен тұратын арнайы сараптама тобы 8 отырыс барысында үлгілік заң жобасын дайындап, бүгін ТүркПА Экономикалық ынтымақтастық комиссиясының қарауына жіберілді. Оны әзірлеу барысында терминдерді, анықтамаларды, ұғымдарды стандарттау/унификациялау, техникалық реттеу, аккредиттеу, сәйкестікті бағалау (сертификаттау, декларациялау), мемлекеттік бақылау, метрология, мемлекеттік стандарттар, өлшем бірлігін қамтамасыз ету сияқты аспектілер пысықталды. Заңда бұл ұғымдардың барлығы біртұтас», – деді комиссия қатысушысы.

Сондай-ақ оның атап өтуінше, осы үлгілік заң жобасы адамның өмірі мен денсаулығын, қоршаған ортаны қорғау мақсатында өнімнің қауіпсіздігі мен сапасының құқықтық негіздерін белгілейтінін және қауіпсіз және сапалы өнім айналымының бірыңғай жүйесін құрудың бірыңғай тәсілдерін қарастырады. Осы үлгілік заңның қабылдануымен Түркі елдерінің қарапайым азаматтары үшін сертификаттау және тестілеу үшін қосымша ақы төлеуге бағытталған техникалық кедергілер жойылады. Бір жағынан, кедергілерді жою өнімдердің арзан болуына, екінші жағынан біздің елдеріміздің ең жоғары деңгейі үшін сенімді сертификаттары мен жақсартылған өнім сапасы бар қауіпсіз өнімдер шығаруға жол ашады.

Отырыс барысында ТүркПА Экономикалық ынтымақтастық комиссиясының 2025 жылы Түркияда өтетін «Энергия қауіпсіздігі тұрақты экономикалық даму факторы ретінде» 12-ші отырысының тақырыбы бекітілді. Сонымен қатар, комиссия мүшелері «Экономикалық қызметтегі таза энергия туралы» және «Көлік, шекара және кедендік рәсімдер саласындағы цифрландыру туралы» үлгілік заң жобаларын әзірлеу туралы шешім қабылдады.

Еске сала кетсек, Түркітілдес елдердің Парламенттік Ассамблеясы 2008 жылы 21 қарашада Ыстанбұлда Қырғызстан, Әзербайжан, Түркия және Қазақстан парламенттерінің төрағалары қол қойған келісімге сәйкес құрылған.

Соңғы жаңалықтар