Бішкекте Ұлттық шахмат академиясы ашылды

АСТАНА. KAZINFORM- Ұлттық шахмат академиясы халықаралық деңгейдегі спортшыларды даярлап, талантты жастарды қолдаумен айналысады, деп хабарлайды Кабар.

Национальную академию шахмат открыли в Бишкеке
Фото: Кабар

Академияның ашылу рәсіміне Қырғызстан Министрлер кабинетінің төрағасы – Президент Әкімшілігінің басшысы Әділбек Қасымалиев қатысты.

Жаңа ұйым жас шахматшыларды оқытып, даярлауға, жаттығулар мен жарыстар өткізуге арналған алаң болады. Академияның негізгі міндеттерінің бірі – халықаралық деңгейдегі спортшыларды жүйелі түрде даярлау, сондай-ақ талантты жастарды анықтап, қолдау.

Рәсім барысында Әділбек Қасымалиев жас спортшылардың оқу-жаттығуына жасалған жағдаймен танысып, олардың ата-аналарымен әңгімелесті.

Ол қазіргі уақытта Қырғызстанның 500 мектебінде 3–5 сынып оқушыларына арналған «Мектептердегі шахмат» жобасы пилоттық режимде жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.

— Бүгін Ұлттық шахмат академиясы өз жұмысын бастады. Оның талантты шахматшыларды даярлайтын маңызды орталыққа айналып, Қырғызстанды халықаралық аренада лайықты таныта алатын спортшылардың жаңа буынын қалыптастыруға ықпал ететініне сенімдімін, – деді Әділбек Қасымалиев.

Национальную академию шахмат открыли в Бишкеке
Фото: Кабар

Рәсім соңында Министрлер кабинетінің басшысы орталық шахмат тақтасында алғашқы жүрісті жасап, академияның жұмысына ресми түрде бастап берді.

Ұлттық шахмат академиясын құру туралы Жарлыққа Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров биыл 4 қыркүйекте қол қойған.

Осыған дейін Моңғолия мектептерінің оқу бағдарламасына шахмат енгізілетіні туралы жаздық.