Бішкектегі ШЫҰ саммиті: нендей мәселелер талқыланып, қандай шешімдер қабылданады
АСТАНА. KAZINFORM — 1 қыркүйекте Қырғызстан астанасында Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің кезекті отырысы өтеді. Сондай-ақ «ШЫҰ плюс» форматында жоғары деңгейдегі кездесу ұйымдастырылады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Бішкектегі меншікті тілшісі.
Іс-шараларға Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің басшылары мен өкілдері, шақырылған елдер және бірқатар халықаралық ұйымдардың жетекшілері қатысады деп жоспарланып отыр.
Қандай мәселелер талқыланады
Мемлекет басшылары халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелерді, Ұйымды одан әрі дамытудың басым бағыттарын, сондай-ақ саяси, сауда-экономикалық, көлік-логистикалық, цифрлық, экологиялық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты тереңдету перспективаларын талқылайды.
«ШЫҰ плюс» форматындағы кеңейтілген құрамдағы жоғары деңгейдегі кездесуде БҰҰ-ның орталық үйлестіруші рөлін және халықаралық құқықты нығайту, сондай-ақ тұрақты дамуға жәрдемдесу және өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейту мәселелері бойынша пікір алмасу жоспарланып отыр.
Қандай құжаттарға қол қойылады
Отырыс қорытындысы бойынша ШЫҰ-ның 25 жылдығына арналған Бішкек декларациясына, көпжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және Ұйым қызметін жетілдіруге бағытталған құжаттар мен шешімдерге қол қойылады. Сондай-ақ мемлекет басшыларының бірқатар тақырыптық мәлімдемелері қабылданады.
Алдағы саммит Қырғыз Республикасының ШЫҰ-ға 2025-2026 жылдардағы төрағалығының қорытынды іс-шарасы болмақ. Төрағалық «ШЫҰ-ға 25 жыл: бейбітшілік, даму және өркендеу жолындағы ортақ мақсат» ұранымен өтіп жатыр.
Бұған дейін БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриштің Бішкекте өтетін ШЫҰ саммитіне қатысатыны хабарланған еді.
Сондай-ақ 30 тамызда ҚХР төрағасы Си Цзиньпин Қырғызстан президенті Садыр Жапаровтың шақыруымен Қырғызстанға мемлекеттік сапармен баратыны белгілі болды.
Шанхай ынтымақтастық ұйымының саммиті мен VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындық және оларды өткізу кезеңінде елде қауіпсіздік шаралары күшейтіледі.
ШЫҰ саммиті өтетін уақытта Бішкек тұрғындарына қаладан уақытша кету туралы өтініш айтылды.
Қауіпсіздікті қамтамасыз ету және саммит пен VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары кезінде көлік жүйесіне түсетін жүктемені азайту мақсатында 31 тамыз бен 1 қыркүйекте Бішкектегі ірі сауда орталықтары, базарлар және ресми делегациялар жүретін бағыттардағы бірқатар жерасты өткелі жабылады.
Бішкек әуежайында ШЫҰ саммитіне байланысты рейстер шектеледі.
Бішкекте өтетін ШЫҰ саммиті мен VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары кезінде қоғамдық тәртіпті 15 мыңнан астам тәртіп сақшысы қамтамасыз етеді.