Бүгін қазақстандық бітімгершілер ҰҚШҰ елдерінің «Мызғымас бауырластық-2013» бірлескен оқу-жаттығуларына қатысады

АСТАНА. 3 қазан. ҚазАқпарат - Бүгін ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер қарулы күштерінің бітімгершілік контингенттері «Мызғымас бауырластық-2013» бірлескен оқу-жаттығуына қатысу үшін Ресей Федерациясы Қарулы Күштерінің Шұбаркөл полигонына келді. Оған Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғыз, Ресей және Тәжікстан мемлекеттерінің әскери қызметшілері қатысады.
None
None

Бұл туралы ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінен хабарлады.

ҰҚШҰ-ға мүше алты мемлекеттің әскери қызметшілері 7-12 қазан аралығында бітімгершілік операцияларын жүргізудің әртүрлі кезеңдерін пысықтайды. Бітімгершілер жаттығу барысында қақтығысқан тараптарды арашалау, гуманитарлық жүктерге қолдау көрсету және бітімгершілік лектеріне жасалған шабуылдарға тойтарыс беру мәселелерін тәжірибе түрінде пысықтайтын болады. Сондай-ақ, бөлімшелердің жеке құрамына жергілікті жерлерді минадан тазартуға арналған бірлескен іс-қимылдарға қатысу, өмірлік маңызы бар нысандарды күзету мен қорғау, кепілге алынғандарды босату, жаппай тәртіпсіздікке қарсы тұру және адам құқығын қорғауды қамтамасыз етуге тура келеді.

Оқу-жаттығуға жедел басқарма офицерлері, десантты-шабуылдаушы батальон, инженерлік-саперлік және медициналық взводтардың әскери қызметшілері қатысады. Жаттығуға қатысушылардың жалпы саны 2800 адамнан асады.

Оқу-жаттығудың негізгі шешуші кезеңін Біріккен Ұлттар Ұйымы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы, Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы, сондай-ақ көші-қон жөніндегі халықаралық ұйым өкілдері бақылайтын болады.

Аталған оқу-жаттығулар ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер арасындағы бітімгершілік саласындағы өзара түсіністік пен ынтымақтастықты бекітуге, бейбітшілікті қолдау бойынша жүргізілетін операцияларға дайындық пен оны жүргізуде ҰҚШҰ Ұжымдық бітімгершілік күштері басқару органдарының өзара іс-қимылын пысықтауға мүмкіндік береді. Бітімгершілік бөлімшелерінің жеке құрамы бірлескен іс-қимылдар барысында далалық біліктері мен оқу-жауынгерлік үйлесімділіктерін жетілдіруге барынша мүмкіндік алады.

Алғашқы «Мызғымас бауырластық» оқу-жаттығулары былтыр Қазақстанда өткен болатын. Оған ҰҚШҰ-ға мүше мелекеттердің әскери бөлімшелері қатысты.

Соңғы жаңалықтар