Бүгінде 600 мыңнан астам қазақстандықтың сандық қолтаңбасы бар

АСТАНА. 1 желтоқсан. ҚазАқпарат /Гүлмира Алякпарова/ - Бүгінгі күнге дейін қазақстандықтарға 600 мыңнан астам сандық қолтаңба берілді.
None
None

Бұл туралы бүгін «Қазақстанда «электрондық үкіметті» дамыту» халықаралық конференциясында «Зерде» Ұлттық ақпараттық-коммуникациялық холдингі» АҚ Жобалау орталығының жетекшісі Айбол Қуандықов мәлім етті.

А.Қуандықов атап көрсеткендей, бүгін де «электрондық үкіметті» дамыту бағытында мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру, процедуралардың мерзімін қысқарту, қызметтердің ашықтығы мен сапасын арттыру жұмыстары жүргізілуде. Мәселен, 2011 жылдың соңына дейін әлеуметтік маңызы бар 40 қызмет бойынша іс-шаралар жоспары әзірленеді. Халыққа қызмет көрсету орталықтарын жаңғырту, әкімдіктермен бірлесе халықты «электрондық үкімет» порталын пайдалануға үйрету жұмыстары жүргізілуде.

«Осылайша, «электрондық үкіметті» насихаттау және дамытудың арқасында шартты экономия 40 млрд. теңгені құрады. Қызметтерді автоматтандырудың алғашқы кезеңінде 7 млн.-нан астам анықтама берілді. Бүгін 74 қызмет автоматтандырылған, 2015 жылға дейін оларды 100 пайызға жеткізу көзделіп отыр. Порталға кірушілердің саны 20 есеге артты. Осы күнге дейін 600 мыңнан астам сандық қолтаңбалар берілді», - деді ол.

Онымен бірге, Қуандықовтың айтуынша, мемлекеттік қызметтерді оңтайландыру мақсатында жүргізілген ведомстволық мекемелердің ақпараттық жүйелерін ықпалдастырудың нәтижесінде, қызмет түріне байланысты заңды тұлғаны тіркеу мерзімі мен ұсынылатын құжаттардың саны азайтылды. Мәселен, бұған дейін рәсімдеу 30 күннің ішінде жасалса және оған 5 құжат өткізу қажет болса, қазір, қызмет көрсету уақыты 15 минутты құрайды, ал құжаттар мүлдем талап етілмейді. Барлығы электронды түрде жүзеге асырылады.

Соңғы жаңалықтар