Бүгін 20 мыңнан астам қызылордалық тазалыққа атсалысты
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — «Наурызнаманың» экологиялық науқанға арналған «Тазару күнін» өз дәрежесінде өткізуге 20 мыңнан астам қызылордалық үлес қосты.

Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев «Таза Қазақстан» экологиялық бағдарламасы аясында Қызылордадағы ботаникалық саябақта тал егу рәсіміне қатысты.
Биыл жалпы тазалық жұмыстарына 63 мыңнан астам ерікті, қоғам қайраткері, бюджет саласы мен кәсіпорын қызметкерлері атсалысып жатыр.

— Елді мекендердегі скверлер мен парктер, тарихи-мәдени ескерткіштер, әлеуметтік нысандар, өнеркәсіп және бизнес нысандары, су объектілері, көшелердің бойы тазартылып, 2,5 мың тоннадан астам қоқыс шығарылды. Оған 600-ден астам техника жұмылдырылды, — делінген әкімдік хабарламасында.
Биыл өңірдің климатына сәйкес келетін, жерсінетін 23,5 мыңнан астам түп қарағаш, терек және Сыр талының көшеті егілді.

Айта кетейік, бұл күн — табиғатпен үндестікті сақтаудың маңыздылығын және адамның қоршаған әлемнің ажырамас бөлігі екенін еске салатын сәт.