Бүгін Астана, Алматы және тағы 5 қалада ауа сапасы нашарлайды
АСТАНА. KAZINFORM — «Қазгидромет» РМК еліміздегі ауа сапасына қатысты болжамын жариялады.
— 10 шілдеде Қостанай, Көкшетау, Қарағанды, Жезқазған, Теміртау, Алматы қалаларында, түнде Астана қаласында қолайсыз метеорологиялық жағдай күтіледі, — делінген хабарламада.
Қолайсыз метеорологиялық жағдайлар — атмосфералық ауаның беткі қабатында зиянды (ластаушы) заттардың шоғырлануына ықпал ететін қысқамерзімді метеофакторлардың (тымық ауа райы, жеңіл жел, тұман, инверсия) жиынтығы.
Қолайсыз метеорологиялық жағдай кезінде елдімекендердегі атмосфералық ауаның сапасы нашарлауы ықтимал.
Айта кетейік, Алматыда экологиялық талаптарды бұзған 200 көлік анықталды.
Сондай-ақ Атырауда жағымсыз иіске байланысты ауа сапасы тексеріліп жатыр.