Бүгін еліміздің басым бөлігінде жауын-шашын болады

АСТАНА. KAZINFORM — 1 шілде күні еліміздің басым бөлігінде жаңбыр жауады. Әсіресе Ақтөбе, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Абай, Ақмола, Павлодар облыстарында, сондай-ақ Жетісу, Алматы және Жамбыл облыстарының таулы аймақтарында жауын-шашын мол болады. Бұл туралы ТЖМ мәлім етті.

ауа райы
Фото: Ағыбай Аяпбергенов / Kazinform

— Желдің екпіні 15–20 м/с-қа дейін күшейеді. Мұндай ауа райы Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қызылорда, Түркістан, Қостанай, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қарағанды, Абай және Шығыс Қазақстан облыстарының кей жерлерінде күтіледі, — делінген хабарламада.

Тұман күтіледі. Таңертең Ақтөбе, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Абай, Шығыс Қазақстан, Алматы және Жамбыл облыстарының кей жерлерінде тұман күтіледі.

Айта кетейік, бұған дейін еліміздің 17 өңірінде ауа райына байланысты ескерту жарияланды.