Бүгін футболдан Қазақстан құрамасы Беларусьпен жолдастық кездесу өткізеді
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы Беларуське қарсы жолдастық кездесу өткізеді.

Ойын Борисов қаласындағы «Борисов-арена» стадионында қазақстандық уақытпен 21.50-де басталып, «Qazsport» телеарнасынан тікелей эфирде көрсетіледі.
Алған жарақатына және денсаулығына, отбасы жағдайына байланысты Серікжан Мужиков, Әлібек Қасым, Бактиер Зайнутдинов, Айбар Жақсылықов, Роман Асранқұлов ұлттық құрамаға бүгін көмектесе алмайды.
Ал Дастан Сәтпаев алдымен ұлттық құраманың оқу-жаттығу жиынына қатысты. Одан кейін Қазақстан 21 жасқа дейінгі жастар құрамасына қосылып, 2027 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңі аясында Андорраға қарсы матчқа дайындалады.
Қазірге дейін құрамалар өзара жеті ойын өткізген. Оның төртеуінде Беларусь құрамасы жеңсе, тағы екі матч тең есеппен аяқталып, біреуінде қазақстандық футболшылар басым түсті.
2022 жылғы УЕФА Ұлттар лигасының С дивизионында Қазақстан құрамасы бір кездесуде 1:1 есебімен тең түссе, тағы бірінде 2:1 есебімен тізе бүктірді.
2026 жылғы әлем чемпионатында J тобында Уэльске (1:3) жол беріп, Люксембургті (2:0) қапы қалдырды.
Турнир кестесінде үш ұпаймен үшінші орында келеді.
Енді 10 маусымда өз алаңында Солтүстік Македонияны қабылдайды.
Ойыншылар тізімі төмендегіше:
Қақпашылар: Мұхаммеджан Сейсен («Астана»), Александр Заруцкий («Қайрат»), Стас Покатилов («Сабах», Әзербайжан), Бекхан Шайзада («Ордабасы»);
Қорғаушылар: Ян Вороговский, Марат Быстров (екеуі де — «Астана»), Нұралы Әліп («Зенит», Ресей), Александр Зуев, Наурызбек Жагоров (бәрі — «Тобыл»), Еркін Тапалов («Қайрат»), Сергей Малый, Сұлтанбек Астанов (екеуі де — «Ордабасы»), Әділбек Жұмаханов («Елімай»);
Жартылай қорғаушылар: Асхат Тағыберген, Ислам Чесноков (екеуі де — «Тобыл»), Алмас Төлібай («Елімай»), Ғалымжан Кенжебек («Кошице», Словакия), Дәурен Жұмат («Оқжетпес»), Исламбек Қуат («Жеңіс»), Георгий Жуков («Пуща», Польша), Муроджон Халматов («Ордабасы»);
Шабуылшылар: Максим Самородов («Ахмат», Ресей), Дастан Сәтпаев («Қайрат»), Алияр Мұхамед («Оқжетпес»).