Бүгін – Халықаралық дипломатиядағы әйелдер күні

әйел
Фото: pexels.com

АСТАНА. KAZINFORM – 2022 жылдан бастап 24 маусымда Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының бастамасы бойынша Халықаралық дипломатиядағы әйелдер күні атап өтіледі. Бұл күн әйелдер көшбасшылығын айқын көрсетуге, дипломатиялық саладағы жетістіктерін мойындауға және шешімдер қабылдау мен саяси өмірдің барлық салаларында әйелдердің толық және тең қатысуына қол жеткізу үшін әлі де қажет жолды көрсетуге бағытталған.

Дипломатиядағы әйелдер өкілдігінің тарихы

БҰҰ Бас Ассамблеясының 24 маусымда Халықаралық дипломатиядағы әйелдер күнін белгілеуі дипломатиядағы әйелдердің жеткіліксіз өкілдігін шешу бойынша жүргізіліп жатқан күш-жігерді көрсетеді. Бұл күн бүкіл әлем бойынша дипломатиялық рөлдерде гендерлік тепе-теңдікті қамтамасыз етуде қол жеткізілген қадамдар мен қиындықтарды еске салады.

«Тарихи тұрғыдан дипломатияда әйелдер өкілдігінің саны мардымсыз болды. Ғасырлар бойы әйелдерге дипломаттар сияқты мемлекеттік қызметте жұмыс істеуге тыйым салынды. 1920 жылдардың басынан бастап әйелдердің таңдауын шектейтін заңдық кедергілер жойыла бастады. Алайда әлеуметтік нормалар мен теріс пікір әлдеқайда ұзақ сақталды. Мәселен, 1945 жылы БҰҰ Жарғысына қол қойған 850 делегаттың төртеуі ғана әйелдер болды. Содан бері екіжақты дипломатияда және Біріккен Ұлттар Ұйымында әйелдер өкілдігінің артуы байқалды, бірақ прогресс баяу болды. Шешім қабылдайтын халықаралық кеңістікте әйелдердің қатысуы жиі болмайды және құрылымдық кедергілер сақталуда», - делінген БҰҰ-ның Қазақстандағы кеңсесі ұсынған мәліметте.

Сондықтан да таяуда Қазақстанның құрметті Елшісі Мәдина Жарбосынованың Орталық Азиядан тұңғыш әйел ретінде Әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық нысандарын жою жөніндегі комитетінің (CEDAW) 2025-2028 жылдарға мүшелігіне сайлануы жаһандық дипломатиядағы қазақ әйелдері үшін тағы бір маңызды белес болды.

БҰҰ ең үлкен жетістіктерінің бірі 1948 жылы әйел-дипломат Элеонора Рузвельт ханым жетекшілік еткен Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясын қабылдау болды. Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы ерлер мен әйелдердің тең құқықтарын негізгі адам құқығы ретінде мойындады және әйелдердің Либерия мен Ирландиядағы бейбітшілік үдерістеріне қатысуы ұзақ табысқа жетудегі әйелдердің негізгі рөлдерінің екі мысалы ғана.

Осыған қарамастан дипломатияда негізінен ер адамдар басым болып қала береді, тек 28 елде әйелдер мемлекет және үкімет басшылары қызметін атқаруда. Жақында Клаудия Шейнбаум ханымның Мексиканың тұңғыш әйел президенті болып сайлануымен олардың саны жақын арада 29-ға жетеді. Министрлік деңгейінде әйелдер сыртқы істер портфолиосының шамамен 25% ғана иеленеді. Қазақстанда сонау 1966 жылы Балжан Бөлтірікова Қазақ КСР түңғыш әйел Сыртқы істер министрі болып тағайындалды. Кейін, 1989-1991 жылдар аралығында Елші Ақмарал Арыстанбекова да Қазақ КСР Сыртқы істер министрі қызметін атқарды. Содан бері Қазақстан сыртқы істер министрі лауазымына бірде-бір әйел тағайындалған жоқ. Бүгінде республикада Сыртқы істер Вице-министрі Нәзира Нұрбаева ханым бар және министрліктегі беделді шендерде әйелдер қызметкерлердің басым бөлігін құрайды. Кейбір елдерде әйелдер сыртқы істер министрі лауазымында үстем. Мысалы, 1994 жылдан бері Оңтүстік Африкада сыртқы істер министрлерінің бірінен басқасы дерлік әйелдер болды. Бұл бірегей жаһандық мәртебе.

Қазақстанның гендерлік теңдіктегі ілгерілеуі

Қазақстанның БҰҰ жанындағы Тұрақты өкіл қызметін атқарған беделді дипломаттар тобындағы әйелдердің басқа көптеген елдерге қарағанда анағұрлым жоғары пайызы бар екені аса көрнекті мысал. Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымындағы бірінші Тұрақты өкілі Елші Ақмарал Арыстанбекова болды. Ол Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше 176 мемлекеттің ішінде төртінші әйел елші ретінде тіркелді. Жеті жылдан астам қызмет атқарған Елші Арыстанбекованың орнына Елші Мәдина Жарбосынова (1999-2003) келді – қазір CEDAW мүшесі. Бірнеше жылдан кейін Қазақстан осы стратегиялық қызметке тағы бір беделді әйел дипломатты, Елші Бірғаным Әйтімованы (2010-2013) тағайындады. Бұл Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымына 1992 жылы мүше болғаннан бері ел мүшелігінің басым бөлігін – 32 жыл ішінде 17 жыл барысында әйел елші арқылы өкілдік еткенін білдіреді. Бұл осы көрнекті дипломатиялық позицияда гендерлік теңдестірілген өкілдіктегі бірегей жаһандық жетістік.

Қазақстанның қазіргі таңда халықаралық көпжақты сахнадағы маңызды рөлін және оның бейбітшілік пен қауіпсіздікке қосқан елеулі үлесін ескере отырып, мұны жүзеге асыруда қазақстандық дипломат әйелдердің маңызды рөл атқарғанын мойындау керек.

Біріккен Ұлттар Ұйымындағы гендерлік теңдік

Біріккен Ұлттар Ұйымының өзі гендерлік теңсіздікпен күресуде. Дегенмен соңғы алты жылда жетістіктер жетерлік. 2020 жылы БҰҰ жоғары лауазымды басшылығы арасында гендерлік теңдікке қол жеткізілді. Ұйым алдағы бес жыл ішінде штаб-пәтерде барлық деңгейлерде теңдікке қол жеткізу жолында. Соған қарамастан әлі де БҰҰ Бас хатшысы құзіретінде әйел-дипломат болған емес және әйелдер қауіпсіздікке байланысты БҰҰ миссиялары мен әртүрлілік өте маңызды болып табылатын бітімгершілік операциялары саласында әлі де аз өкілдік етеді.

Қазақстан БҰҰ бітімгершілігіне күшті үлес қосушы ретінде БҰҰ миссияларына әйел бітімгершілерді, сондай-ақ әйел әскери бақылаушыларды тұрақты түрде жібереді. Сонымен қатар Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің 1325 Әйелдер, бейбітшілік және қауіпсіздік жөніндегі шешімін жүзеге асыру бойынша Ұлттық іс-қимыл жоспарын қабылдады, мұнда әйелдерді халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздік диалогына көбірек тарту жөніндегі міндеттемелер негізгі болып табылады.

Статистика бойынша дипломатияда қауіпсіздік саясаты саласы, мысалы, дамуға көмек көрсетуге қарағанда, ер адамдар басым болып қала береді. Дегенмен 2021 жылдан бастап Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетін тағы бір мәртебелі дипломат әйел, елші Айгүл Құспан басқарып келе жатқаны назар аударарлық.

«Толық және әділ өкілдікке қол жеткізу үшін әйелдер құқықтарын қолдауға арналған жақсы реттелген шаралар мен саясат қажет. Әйелдердің тең қатысуы жолындағы құрылымдық кедергілерді жою керек, өйткені біз әлем бойынша әйелдер көбінесе Сыртқы істер министрлігіндегі қосалқы рөлдерде қызмет ететінін көріп отырмыз. Толық өкілдікке қол жеткізген кезде біз ортақ Тұрақты даму мақсаттарымызды көрсететін бейбіт, орнықты және әділетті инклюзивті, әділ және гүлденген қоғамға жақын боламыз», - делінген БҰҰ-ның Қазақстандағы кеңсесі таратқан ақпаратта.

Бірнеше ел әйел дипломаттарды жалдау, қолдау және демеу саясатын белсенді түрде алға жылжытуда. Икемді жұмыс тәртібі, гендерлік теңдестірілген жалдау комиссиялары және тіпті елшілер ретінде жұмысты өзара бөлісу сияқты инновациялық шаралар – көптеген әйел дипломаттардың дипломатиялық мансабында жоғарылауына мүмкіндік беру үшін әкімшілік қолданатын кейбір әдістер.

Шешім қабылдаудың барлық деңгейлерінде әйелдердің тең қатысуы – тұрақты болашақ үшін қажетті трансформациялық өзгерістерді ашудың кілті. Олардың қатысуы шешім қабылдау үрдісін жетілдіріп, сыбайлас жемқорлықты азайтады және бейбітшілікті нығайтады. Әлем халқының жартысының қатысуынсыз саясат толығымен тиімді бола алмайды.

«Әйелдердің дипломатиялық салаға қатысуы олардың қоғамдағы жалпы мәртебесінің айқын көрінісі болып табылады. Барлық секторлардағы әйелдердің дауысын күшейте отырып, біз әйелдердің дипломатиядағы көбірек өкілдігі мен ықпалына жол ашамыз. Сондықтан 2024 жылдың 16 маусымында Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылықты қылмыстық деп санайтын және әйелдер мен балалардың құқықтарын күшейтетін заңнамаға түзетулер күшіне енуінің маңыздылығы зор. Бұл заң сексуалдық және гендерлік зорлық-зомбылықпен күресуде әйелдер мен қыздарды қорғауға және олардың мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған және Қазақстан әйелдерінің мәртебесін арттырудағы басымдылығына сәйкес келеді», - делінген БҰҰ-ның Қазақстандағы кеңсесі ұсынған мәліметте.

Дипломатиядағы гендерлік теңдік жолындағы нәтиже

Гетеборг университетінде жүргізілген жаңа зерттеулерге сәйкес, дүниежүзіндегі әйел елшілер үлесі 1968 жылғы 0,9% 2021 жылы 21% дейін баяу өсті. Алайда бұл көрсеткіш аймақ және елдер бойынша өзгеріп отырады. 1968 жылы бірде-бір аймақта әйелдердің 2% астамы тағайындалған жоқ, ал 127 жіберуші мемлекеттің 22-сі ғана мүлде әйел елшілерді тағайындаған. 2021 жылы аймақтық айырмашылықтар көбірек болды. Скандинавиялық елдер 41% әйел елшілерді жіберсе, бұл көрсеткіш Таяу Шығыс елдерінде тек 12% құрады. Деректер прогресс айқын болғанымен, тең өкілдікке жету үшін әлі үлкен жол бар екенін көрсетеді.

Осы қиындықтарға қарамастан әйел дипломаттар өздерінің мансаптарын қолдау және әйелдерді өз елдерінің және халықаралық ұйымдардың дипломатиялық қызметтеріне қосылуға ынталандыру үшін бейресми желілер мен альянстарды құрады. Қазіргі уақытта Қазақстандағы дипломатиялық корпуста әйел елшілер саны 67 елші арасында 11-ге жетеді, ал қазақстандық әйел елшілер саны үшеу. Бұл көрсеткіш аса жоғары болмаса да, Қазақстан үкіметінің әйелдер мүмкіндіктерін кеңейтуге баса назар аударып отырғаны аңғрылады.

Дипломатиялық жол таңдауға шақыру

Бұл мақалаға қол қойғандар – Сойли Мякеляйнен-Буханист (Финляндия Республикасының Елшісі), Моника Иверсен (Германия Федеративтік Республикасының Елшісі), Эфталия Какиопулу (Грекия Республикасының Елшісі), Ирина Мангуле (Латвия Республикасының Елшісі), Кейтуметси Сейпело Тандека Мэтьюс (Оңтүстік Африка Республикасының Елшісі), Мадалина Лупу (Румыния Елшісі), Ева Полано (Швеция Корольдігінің Елшісі), Кэти Лич (Ұлыбритания Елшісі), Микаэла Фриберг-Стори, (Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты үйлестірушісі) қазақ әйелдерін халықаралық дипломатиядағы мансапты қарастыруға шақырады.

«Сіздің қатысуыңыз гендерлік теңдікті, бейбітшілікті ілгерілетуде және әлемнің дамуына үлес қосуда маңызды. Халықаралық дипломатияға қосыла отырып, сіз халықаралық қатынастарды қалыптастыруға көмектесіп қана қоймай, әйелдердің болашақ буынын көшбасшылық рөлдерді тізгіндеуге шабыттандырасыз. Әйелдер дауысы естілетін және олардың қосқан үлесі бағаланатын анағұрлым инклюзивті, әділ және гүлденген қоғам үшін бірге жұмыс істейік. Барлығы үшін жарқын және әділ болашаққа бағытталған осы саяхатта бізге қосылыңыз», - делінген БҰҰ-ның Қазақстандағы кеңсесі ұсынған мәліметте.

Соңғы жаңалықтар
telegram