Бүгін Қызылорда қаласына жылу беріле бастайды

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылорда жылу электр орталығы бүгін Қызылорда қаласының көпқабатты үйлеріне жылу берілетінін мәлімдеді.

ы
Фото: Қызылорда облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы

- Қызылорда қаласы әкімінің 2026 жылғы 1 қазандағы №33 шешіміне сәйкес 2026-2027 жылдардағы жылыту маусымы аясында 5 қазанда жылу маусымы басталады, - делінген хабарламада. 

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы облыс аумағына жылу беру маусымы енді басталатынын атап өтті. Биыл өңірді жылумен қамту нысандарын жаңғыртуға 5,5 млрд теңге қаржы бөлінді. Бұл қаражат 8,7 шақырым жылу желісін жаңғыртуды аяқтауға, №1 және №2 газтурбиналық қондырғыларды күрделі жөндеуге, 1,3 шақырым жылу желісін жаңғыртуға, 1 қазандық пен 1 турбинаны, сондай-ақ 10 автономды қазандықты және негізгі әрі қосалқы қондырғыларды жөндеуге бағытталған. 

Еске салайық, Қызылорда облысында 2025-2026 жылғы жылу беру маусымы 4 сәуірде кезең-кезеңімен аяқталды. Сол уақытта 1079 әлеуметтік нысан мен орталық жылуға қосылған 909 қөпқабатты тұрғын үй үздіксіз жылумен қамтамасыз етілді.