Бүгін волейболдан Қазақстан чемпионатының шешуші ойындары басталады
АСТАНА. KAZINFORM — Бүгін Ақтөбе қаласында волейболдан ерлердің ұлттық лига командалары арасында Қазақстан чемпионаты плей-офф кезеңінің алғашқы ойындары өтеді.
Өткен жылы Оралда финалда Виктор Козик жаттықтыратын «Жайық» клубы «Ақтөбені» (бас бапкері Сергей Трикоз) қапы қалдырып, чемпион атанған еді.
Биыл қос команда жартылай финалда кездеседі. Екі жеңіске қол жеткізген біреуі финалға жолдама алады.
Екінші жартылай финалда тұрақты чемпионатта көштің алдын бермеген, Марат Адрышев баптайтын «Жетісу» клубы «Атыраумен» (бас жаттықтырушы Игорь Никольченко) ойнайды.
Көкшетау қаласында қалған төрт клуб – «Буревестник» (Алматы), «Тараз», «Есіл» және «Ұшқын-Көкшетау» 5-8 орындар үшін алаңға шығады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын әйелдер арасында «Жетісу» волейбол клубының оныншы рет Қазақстан чемпионы атанғанын жазған болатынбыз.