Бүгін Жапонияда жазғы Азия ойындарының алауы ресми тұтанады
НАГОЯ. KAZINFORM – Бүгін, 19 қыркүйекте XX жазғы Азия ойындарының алауы ресми тұтанады. Салтанатты ашылу шарасы Жапонияның Нагоя қаласы Мидзухо жеңіл атлетика стадионында өтеді.
Алдын ала ақпараттарға сәйкес, ашылу салтанатының жанды қойылымында Жапония және Нагоя қаласының тарихы мен мәдениетін, заманауи технологияларды, сонымен қатар Азия спортының даму тарихы көрсетіледі.
Жалпы, ашылу салтанаты бағдарламасы ықшамдылыққа бағытталған: эмоционалды әсерге баса назар аудару мақсатында қойылымдар, реквизиттер мен сахналық құрылымдар мейлінше қарапайым әрі жинақы етіп жасалуда. Спортшылар шеруіне кең орын бөлініп, назардың әртүрлі елдер мен аймақтардан келген қатысушыларға аударылуы қамтамасыз етіледі. Түптеп келгенде, төмен көміртекті тұрақтылық қағидаттарын паш ете отырып, салтанатты шараның әрбір бөлшегінде үнемшілдік пен қоршаған ортаға деген жауапкершілік көрініс табады.
Шараға Азия елдерінің спортшылары мен Ұлттық Олимпиадалық комитеттерінің өкілдері қатысады деп күтілуде. Негізгі салтанат жергілікті уақыт бойынша сағат 18:00-де басталып, шамамен екі сағатқа созылады. Көрермен үшін стадион есігі 13:30-да ашылады. Ал 16:00-де ресми бөлімнің алдында арнайы WARM-UP STAGE бағдарламасы басталады.
Ашылу және жабылу салтанаттарының бас режиссері – Юкихико Цуцуми. Ол балалық шағын Нагояның Тикуса ауданында өткізген. Цуцуми кино, теледидар және театр режиссері ретінде танымал. Оның шығармаларының қатарында «TRICK», «SPEC» және «20th Century Boys» кинотрилогиясы бар.
Айта кетерлігі, Nagoya City Mizuho Park Athletic Stadium стадионы Азия және Азия пара ойындары қарсаңында толықтай жаңғыртылып, 2026 жылдың көктемінде қайта пайдалануға берілді.
Трибуна шамамен 30 мың көрерменге арналған. Көрерменге арналған барлық тұрақты орындар шатырдың астында орналасқан. Бұдан бөлек, мүгедектер арбасын пайдаланатын адамдарға арналған шамамен 300 орын қарастырылған.
Еске салайық, ХX жазғы Азия ойындары 2026 жылдың 19 қыркүйек пен 4 қазан аралығында Жапонияның Аичи префектурасы мен Нагоя қаласында өтеді, ойындардың ұраны — Imagine One Asia («Біртұтас Азияны елестет»).
Байрақты бәсекеде Қазақстан ұлттық құрамасының сапынан 558 спортшы бақ сынайды.
Осыған дейін хабарлағанымыздай, 2026 жылғы Азия ойындарында Қазақстанның туы көтерілді.