Бүгінгі референдумда халық мемлекет болашағына шешім қабылдап жатыр – Ерлан Қошанов
АСТАНА. KAZINFORM – Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов елордадағы №163 референдум учаскесінде дауыс берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Палата спикері Ерлан Қошанов «Қазақстан темір жолы» ғимаратындағы сайлау учаскесіне келіп, елорда тұрғындарымен бірге Қазақстанда атом электр станциясын салу мәселесі бойынша өтіп жатқан республикалық референдумда өз таңдауын жасады.

«Бүгінгі референдум аясында мерекелік көңіл-күйдемін деп айта аламын. Себебі мемлекетіміз үшін өте маңызды күн. Атап айтқанда, еліміздің болашағына қатысты өте ірі шешім жасалып жатыр. Ең негізгісі – бұл шешімді халық қабылдап отыр. Осыған дейін Конституциялық реформаны қабылдадық. Бұл реформаның негізгі мақсаты қандай? Осы тұрғыда әр адамның мемлекеттің саяси өміріне емін-еркін араласуына барынша екпін қойылды. Бүгін соның нақты көрінісін байқап отырмыз. Барлық өңірде әр азаматымыз өз дауыстарын беріп жатыр. Әр өңірден келіп жетқан ақпаратқа қарағанда, белсенділік өте жоғары. Менің ойымша, мемлекетіміздің болашағы үшін бүгін халық дұрыс шешім қабылдайды», - деді Мәжіліс төрағасы.

№163 референдум учаскесі комиссиясының төрағасы Замир Серіковтің айтуынша, дауыс беруге тұрғындар белсенді түрде қатысып жатыр.
«Учаске өз жұмысын таңғы сағат 7:00-де бастады. Сол сәтте бізде 10 байқаушы болды, оның екеуі - халықаралық делегация өкілі. Олардың көзінше барлық рәсімді заңнамаға сәйкес бастадық. Учаскеде 2 545 адам дауыс беруші ретінде тіркелген. Референдумға халықтың келуі қарқынын жақсы деп бағалап отырмыз. Таңертең ерте келген қарт адамдар мен өмірінде алғаш дауыс беруге қатысып жатқан жастарға сыйлықтар бердік», - деді З. Серіков.
Еске салайық, бүгін қазақстандықтар атом электр станциясын салу мәселесі бойынша референдумда дауыс береді.
Ел бойынша 10 249 референдум учаскесінде дауыс беру басталды.