Ел бойынша 10 249 референдум учаскесінде дауыс беру басталды
АСТАНА. KAZINFORM – Орталық референдум комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров елдің барлық өңірінде Қазақстанда атом электр станциясын салу мәселесі бойынша жалпыұлттық референдум басталғанын ресми мәлім етті.
«ҚР Орталық референдум комиссиясы облыстар мен Астана, Алматы, Шымкент қалаларының комиссиялары ұсынған ақпаратқа сәйкес, сағат 7.00-дегі жағдай бойынша өңірлерде 10 249 учаске дауыс беруге кіріскенін хабарлайды. 84 учаскеде аумақтық комиссиялардың шешімдеріне сәйкес, дауыс беру таңғы сағат 6.00-де басталды», — деді ол.
Айтуынша, азаматтардың тізімдерінде 12 244 683 адам бар.
«Олардың ішінде 10 623-і дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куәліктерін алды. Барлығы 10 323 референдум учаскесі бар. Оның ішінде шетелде 47 учаске бар. Бір сағаттан кейін шетелдердегі учаскелердің ашылуы туралы ақпарат ұсынылады. Орталық референдум комиссиясы сағат10.00-ден бастап екі сағат сайын азаматтардың референдумға қатысуы туралы хабарлап отырады», — деді Константин Петров.
Еске салайық, бүгін қазақстандықтар атом электр станциясын салу мәселесі бойынша жалпыұлттық референдумда дауыс береді.
Республикалық референдум бюллетенінде бір ғана сауал болады: «Сіз Қазақстанда атом электр станциясын салуға келісесіз бе?» Дауыс беруші жауаптың екі нұсқасының бірін таңдайды: «Иә, келісемін» немесе, «Жоқ, келіспеймін».
Өздерінің конституциялық құқығын Корея Республикасындағы Қазақстан азаматтары алғашқылардың бірі болып жүзеге асырды.
1 шілдедегі жағдай бойынша ел көлемінде 12 176 968 адам референдумда дауыс беруге хақылы.