Бүкіләлемдік рухани келісім конгресінің қатысушылары студенттермен кездесті

АСТАНА. 19 қазан. ҚазАқпарат - Бүгін Бүкіләлемдік рухани келісім конгресінің қатысушылары Еуразия ұлттық университетінің студенттерімен кездесті.

Бүкіләлемдік рухани келісім конгресінің қатысушылары студенттермен кездесті

Кездесу барысында конгрестің ұйымдастырушысы, депутат Төлеген Мұхамеджанов атап көрсеткендей, Бүкіләлемдік рухани келісім конгресін қазанның 18-і күні өткізу бастамасы жайдан-жай көтерілген жоқ. Оның айтуынша, тура 100 жыл бұрын осы іспетті форум АҚШ-тың Чикаго қаласында ұйымдастырылған болатын. «Ал араға бір ғасыр салып, Қазақстан Бүкіләлемдік рухани келісім конгресін өз жерінде өткізуге бел буып, соңғы 20 жыл бойы ол іс-шараны абыроймен атқарып келеді, Меніңше, «Рухани мәдениет - әлемді жаңартудың кілті» тақырыбындағы конгресс 2013 жылы Қазақстанда ұйымдастырылатын II Бүкіләлемдік рухани мәдениет форумына жан-жақты дайындалуға мүмкіндік бермек», - деп атап көрсетті Т.Мұхамеджанов.

Айта кетейік, кездесуге Қазақстанның ЮНЕСКО-дағы тұрақты өкілі Олжас Сүлейменов, Әзірбайжанның белгілі ақыны, композитор Болат Бұлбұлоглы және тағы басқа белгілі тұлғалар қатысып, студент-жастарға салиқалы әңгіме айтты.