«Бүкіл дала менің көкірегімде» – Ілия Жақанов 90 жасқа толды

АТЫРАУ.KAZINFORM - Ілия Жақанов – қазақ руханиятының терең тамырынан нәр алған, ұлттық мәдениеттің көркем көкжиегін кеңейткен бірегей тұлға. Бүгін қазақтың көрнекті композиторы, жазушысы әрі қоғам қайраткері Ілия Жақанов 90 жасқа толды.

Ілия Жақанов
Фото: Қарағанды облысы әкімдігі

Ілия Жақанов – қазақ ән өнерінде өзіндік қолтаңбасын қалыптастырған композитор. Оның «Жайлаукөл кештері», «Еділ мен Жайық», «Қайдасың, Гауһар?» сынды әндері ұлттық сезімді терең қозғайтын туындылар ретінде халық жүрегінен орын алған. Бұл шығармаларда туған жерге деген іңкәрлік, адам жанының нәзік болмысы мен өмірдің мәні көркем өріледі.

Жақанов
Фото: Нұрбибі Теміртасова

Ол тек өнер адамы ғана емес, биік адамгершілік қасиеттерімен дараланған тұлға. Ілия Жақанов қарапайымдылықты, кішіпейілділікті өмірлік ұстанымына айналдырған жан ретінде танылған. Болмысынан ұлттық тәрбиенің мәйегі, үлкенге құрмет, кішіге ізет секілді асыл қасиеттер айқын көрінеді дейді өнердегі інілері.

- Қазақстанның ауылдарын аралап, қариялардың жақсы әңгімелерін тыңдаған. Барлығын халыққа бөлісіп, еңбектер жазған. Ілия ағада жайлы мінез, сабырлық бар. Адамдарға дауыс көтергенін, артық сөйлегенін көрмедік. Байыппен жеткізгенді дұрыс көреді, - деді Шаймардан Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейі басшысының орынбасары Махамбет Дауылбаев.

Жақанов
Фото: Нұрбибі Теміртасова/Kazinform

Ілия Жақанов Халел Досмұхамедұлы атындағы Атырау университетін 78 жасында суретшілік мамандықты меңгеріп шыққан. Оның дипломдық жұмысы «Жерұйық» деген атпен топтама ретінде салынды. Ол топтамада суретші Алтай мен Атырау арасын жайлаған қазақ даласын майлы бояумен, қыл қаламмен бейнелеп шықты. Оның бейнелеу өнеріне деген қызығушылығы мектеп табалдырығынан басталған.

- Әкем ылғы сұлулыққа тәрбиелеп отырды. Бірінші сынып оқитын кезім. Бір күні балалар лезде кабинеттен жүгіре шықты. Олардың артынан мен де бардым. Сөйтсем, түрлі бояумен салынған суреттер шашылып жатыр екен. Дала. Өзен-көл. Таулар. Жылқы. Балалар ойнап жүргенде суреттерді жинап алып, үйге алып келдім. Сол туындыларға қарап жүріп, көшіріп, сол суреттерді салдым, - деді Ілия Жақанов.

Жақанов
Фото: Нұрбибі Теміртасова/Kazinform

Әдебиет саласында да қаламгердің қолтаңбасы айқын. Оның прозалық және эссе жанрындағы еңбектері қазақ мәдениетінің тарихын, өнер қайраткерлерінің тағдырын терең толғайды. Бұл туындылар оқырманды ойландырып қана қоймай, ұлттық сана мен рухани құндылықтарды жаңғыртуға ықпал етеді.

м
Фото: Нұрбибі Теміртасова/Kazinform

- Қазақты сүйген, біздің музканы көздің қарашығындай сақтап, тіпті біздің композиторлар жаза алмайтын әндерді жазған Евгений Брусиловский сияқты адамдар туралы жазу туралы тапсырма берген еді. Ол кезде жас болдым. Евгений Брусиловский – айбынды, сұсты адам. Бірақ жан жүрегі керемет. Музыка мамандары сол кісіден жасқанып бара алмады. Ал мен бардым. Ол кісімен сөйлесу қиын деді. 10 шақты күн оның музыкасын радиодан тыңдап, білгендей болдым. Кездескен кезде ол менен өзінің шығармашылығы, яғни әндері туралы сұрады. Мен білетінімді айттым. Сол кезде сабаққа асығып отырған Евгений Брусиловский менімен 4-5 сағат әңгімелесті. Осындай әңгіме ол кісімен 2-3 рет болды, -деді Ілия Жақанов.

Жақанов
Фото: Нұрбибі Теміртасова/Kazinform

Бүгін Атырау өңірінде ұлы тұлғаның мерейтойы кең көлемде тойланып жатыр. Шаймардан Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы-сәндік өнер музейінде Ілия Жақановтың 400-астам фотосуреті көрмеге қойылып, көптің назарына ұсынылды. Іс-шара барысында ол Атырау өңіріне ризашылығын білдірді.

Жақанов
Фото: Нұрбибі Теміртасова/Kazinform

- 60 жылдығымнан бастап барлығы Атырауда өтті. Мен «Еділ мен Жайық» туындысын жазғанда аталған өзендерді көрген жоқпын. Ата-бабаларымыздың өксіктік сөздерінің құдіретімен жазылған. Бүкіл дала менің көкірегімде. Атырау да , Орал да , Маңғыстау да, Баянауыл да, Жаңарқа да менікі. Барлығы ұлы дала. Мен осы даланың перзентімін, - деп түйіндеді Ілия Жақанов.

Ілия Жақанов бүгінде шығармашылықтан қол үзбеген.

Жақанов
Фото: Нұрбибі Теміртасова/Kazinform

- Көбінесе әнге сөзді өзі жазады. Сырласып әңгіме айтып отырғанда сенімен не айтып отырғанды білмей қалады. Шығармашылыққа берілген жан. Жас кезінде немен айналысты, бүгінге дейін өзгеріс жоқ. Әлі сурет салады, ән шығарады әрі сөзін жазады. Осындай етіп еңбек етпесе, бүгінгі биіктікке жетпес еді, - деді композитордың әйелі Тиыш Әлтайқызы.

а
Фото: Нұрбибі Теміртасова/Kazinform

Өткен жылы композитор Ілия Жақанов Қазақстанның құрметті жазушысы атанды.

п
Фото: Нұрбибі Теміртасова/Kazinform