Бұл - мал шаруашылығын өркендетудің теңдессіз жобасы - С.Имандосов
ҚЫЗЫЛОРДА. 31 қаңтар. ҚазАқпарат /Жаңагүл Сердалы/ - Қызылорда облысы Қазалы ауданындағы «Рза» АҚ президенті, облыстық мәслихаттың депутаты Самұрат Имандосов Елбасының Жолдауына байланысты мынадай пікір білдірді.
Елбасы өткен жылғы Жолдауында Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жариялаған еді. Бағдарламаны жүзеге асырудың алғашқы жылында нақты нәтижелерге қол жетті.
Елімізде осы шара аясында 80-ге тарта жаңа кәсіпорын ашылды. Соның бірі біздің акционерлік қоғамның жүзеге асырған «660 бас ірі қара тауарлы сүт фермасы» жобасы.
Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында «Аграрлық секторда бұрын-соңды болмаған мал шаруашылығында ет өнімдерін өндіруді дамыту жобасы жүзеге асырылады. 2016 жылдың өзінде экспортқа ет шығару 60 мың тоннаны құрайды, мұның өзі 4 миллион тонна астық экспорттағанмен бірдей. Мемлекет бұл мақсатқа 130 миллиард теңге несие ресурстарын бөлгелі отыр. Бұл селода 20 мыңнан астам жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді, жүз мыңнан астам ауылдықтар үшін табыс көзіне айналады. Бұл асыл тұқымды және асыл түлікті малдың барлық түрінің басын көбейтуге мүмкіндік береді» - деп атап көрсетті. Демек, индустрияландыру жемісі саналатын біздің ісімізге алдағы уақытта да үлкен қолдау болатынына сенімдіміз.
Президент республиканың әрбір тұрғыны еліміздің кең ауқымды индустрияландыру шараларына қатысуларына мүмкіндік жасау қажеттігін атады. Бұл шараны шын мәнінде жалпы халықтық сипат алатындай жағдайға жеткізу қажет екенін айтты.
Жалпы, Жолдауда ауылдық аймақтарды дамытуға байланысты да үлкен жоспарлар барын зор қуанышпен қабылдадық.