Бұл сессия үлкен өзгерістерімен ерекшеленеді - Мәжіліс депутаты Т. Ибраев
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің бесінші шақырылымының үшінші сессиясы өз жұмысын аяқтап отыр. Осы үшінші сессия барысында іске асырылған жұмыстардың қорытындылары шығарылды. ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Аграрлық мәселелер комитетінің хатшысы Төлеген Ибраев ауыл шаруашылығын дамыту туралы ойларымен бөлісті және заң шығару қызметіндегі жаңалықтар, сондай-ақ осы сессияның өзіндік ерекшеліктері жөнінде ҚазАқпарат тілшісіне айтып берді.
- Төлеген Тоқтасынұлы, үшінші сессия өз жұмысын қорытындылады. Палатаның, комитеттің атқарған жұмыстары туралы айтып өтсеңіз?
- Палата және Аграрлық мәселелер комитеті бойынша сессия қорытындысы шығарылды. Ең бастысы, бұл сессия үлкен өзгерістерімен ерекшеленеді. Біріншіден, Палата Төрағасы ауысты. Сондай-ақ Төрағаның орынбасары жаңадан тағайындалды. «Нұр Отан» партиясы парламенттік фракциясының жетекшісі ауысты. Соның бәрі депутаттардың жұмысына, Мәжілістің қызметіне өзінің оң әсерін береді деп ойлаймын.
Ал өзіміздің Аграрлық мәселелер комитетіне келетін болсақ, бұл сессияда үлкен міндеттер жүктелді. Комитет сессия басында бекітілген Палата жоспарына сәйкес жұмыс істеді. Барлық заңдардың, кодекстердің қабылдануына белсенді атсалысты. Атап өтерлік жайт, біздің комитеттің мүшелері екі-үш заң жобасын әзірлеп, бастамашы болып, Мәжілістің қарауына енгізді.
Соның бірі - мақта саласын дамыту мәселелерін көздейтін заң жобасы. Бұл көптен бері депутаттар көтеріп келе жатқан мәселе еді. Сол мақсатта үлкен жұмыстар жасалды. Бұл заң жобасына Парламенттің қос Палатасының депутаттары Қуаныш Айтаханов, Орынбай Рахманбердиев, Айқын Қоңыров, Ромин Мәдинов, Ұласбек Сәдібеков, Розақұл Халмұрадовтар бастамашы болды. Бастаған ісіміз оң болып, қазір «Мақта туралы» заң жобасы бойынша мемлекеттік органдардан келісім және оң қорытынды алынды. Бүгінгі таңда Мәжілісте құрылған жұмыс тобының отырысында талқыланып жатыр. Бұл заң жобасы қазағымның салт-дәстүрі берік сақталған әрі халықтың тығыз орналасқан өңірі - Оңтүстік Қазақастан облысының тұрғындарына оң ықпалын тигізеді деп есептеймін. Ол өңірдің тұрғындары еңбекқор болып келеді.
Парламент депутаттары жайылым мәселелерін реттеуге бағытталған заң жобасын екі жыл бұрын әзірлеген едік. Өңірлерге барып, ел-жұртпен ақылдастық. Зерттеу жасай келгенде, түйгеніміз «Жайылымдар туралы» заң жобасын қабылдау өте қажет болып тұр. Өйткені қай жерге барсаңыз да, ауылдағы мал саны көбейіп келе жатыр. Егер ресми статистикаға қарасақ, тек қолдағы малдың үлесі қазір 70-80 пайызға дейін артып отыр. Ет, сүт өнімдерінің де үлесі ұлғайды. Сондықтан біз қазір қосалқы шаруашылыққа баса көңіл бөле келіп, жайылым мәселесін заңмен реттеуіміз қажет. Заң жобасы бойынша мүдделі органдар, құқықтық ғылыми-зерттеу институттары қорытындыларын берді.
Осы орайда биыл Шығыс Қазақастан облысында Аграрлық мәселелер комитетінің көшпелі отырысы болды, онда жайылым туралы мәселе талқыға салынды. Ауыл шаруашылығы саласында қызмет атқарып жүрген азаматтар, шаруа қожалықтарының иелері өз ойларын ортаға салды. Жайылым бір-екі күнде шешіле салатын мәселе емес. Кезінде жерді сол уақыттағы заңдар бойынша таратып берілген. Жер учаскелерінің иелері бар. Иесіз жатқан жер жоқ. Бірақ ол жер қалай игеріліп жатқаны басқа мәселе. Осы заң жобасында жерді пайдаланудың жаңа жолдары қарастырылуда. Біздің ұсынысымыз сайлаушыларымыздың көңілінен шығып отыр. Ең бастысы, ешкімге зияны тимейді. Керісінше пайдалы әрі тиімді болмақ. Халықтың қолда ұстап отырған малын жаятын жайылымды анықтап береді.
- Депутаттардың бастамасымен әзірленген келесі заң жобасы қандай?
- Әріптестеріміз бастама жасаған тағы бір заң актісі - еліміздің кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстанның пошта байланысы саласындағы заңнамасының нормаларын Дүниежүзілік пошта одағы актілерінің нормаларымен біріздендіру және пошта операторларының қызметін реттеу мәселелері бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы. Бұл заң жобасына депутаттар Ш.Ә. Өтемісов, З.Я.Балиева, Х.Валиев, Г.И. Исімбаева, С.Ж. Оспанов, М.Қ. Пішембаев, А.Б. Самақова, Г.С. Сейтмағанбетова, Е.И. Тарасенко бастамашы болды.
Әрбір елді мекен үшін пошта қызметінің рөлі айтарлықтай, ол дәлелдеуді қажет етпейді. Бірақ соңғы он-он бес жылда әртүрлі себептерге байланысты осы пошта жұмысының деңгейі төмендеп кеткені белгілі. Мемлекет тарапынан бірнеше рет қолдау жасалды. Енді осы саланың жұмысын жолға қою міндеті алға қойылды. Қазір жастардың көбі хат жазып жатқан жоқ. Бәрінің қолында бір-бір ұялы телефон. Тіпті қазір мерзімді баспасөзді жаздырып алатындардың қатары да сиреп кетті. Газет-журналдарды ғаламтордағы сайттарынан оқитындар да аз емес. Халық өзіне қажеттіні ғаламтордан іздейтін болды.
Дегенмен поштаның да қызметі жетерлік. Мысалы, халыққа зейнетақы тарату, коммуналдық төлемақыларды қабылдау және басқа қызметтері бар. Пошта қызметін жандандыру оның жұмысын жаңа белеске көтереді деп сенемін.
- Тағы басқа қандай мәселелерге баса назар аудардыңыздар?
- Біздің комитет үш өңірде болып, көшпелі отырыс өткізді. Айталық, Алматы облысында соңғы кезде баса маңыз берілген, Елбасының тапсырмасы бойынша қолға алынған ветеринария қызметін жандандыру мәселесі талқыға салынды. Бірқатар мүдделі министрлік өкілдері, облыс басшылығы қатысты.
- Ветеринария Қазақстанның барлық жеріне де қатысты және өзекті мәселе. Малдың сау болуы адамның денсаулығына да тікелей әсер ететіні анық. Мал аурулары шығып кетпеуі үшін осы бағытта қандай жұмыстар атқарылуы керек?
- Шынымен де, өзіңіз айтқандай, ветеринария ең әуелі адамның денсаулығын қорғау үшін қажет. Егер біздің ішкен-жеген тағамымыз адал болмаса, ет өнімінде қауіпті аурудың вирустары кездесетін болса, денсаулығымыз оң болмасы белгілі. Кезінде бұл мамандық та, оған көңіл бөлу де өз деңгейінде болды. Өйткені әрбір ауылда, кеңшар мен бөлімшеде кем дегенде орта білімді екі-үш маман, жоғары білімді бір-екі қызметкер жұмыс істеді. Кеңшар мен ұжымшардың ветеринариялық базасы болды. Аудан орталығында олардың станциясы болатын. Мемлекеттің малы тұрақты егіліп тұрды. Жекенің малдары да дер кезінде егілуден өткізілді. Мүмкін ол кезде де кемшіліктер болған шығар. Әйтпесе, бруцеллез, туберкулез сияқты аурулар мүлдем болмас еді ғой. Жалпы, ол уақытта белгілі бір жүйе болды. Соңғы жиырма жыл ішінде осы жүйеден айырылып қалдық. Қазір «Кім кінәлі?» деп біреуге кінә тағуға да болмас. Мұның бәрі осы мамандықты дұрыс бағаламағандықтан, оның маңызына мән бермегендіктен болуы керек деп ойлаймын. Алғашқы жылдары бізге кімдер керек болды? Ол кезде заңгерлер, экономистер, физиктер, математиктер, дәрігерлер керек дедік. Бұрын да мал дәрігеріне бірінші кезекте назар аударылмаған сияқты. Ауыл шаруашылығы мамандарының ішінде бірінші орында агроном, одан кейін инженер, экономист, содан кейін барып зоотехник пен ветеринар тұратын. Мүмкін осы жағдай әсер еткен шығар, ол жағын білмедім.
Дегенмен дер кезінде шешім қабылданды, қазір әрбір ауылда ветеринария саласының өкілдері бар. Соңғы кезде Елбасының және Үкіметтің тапсырмасы бойынша Ауыл шаруашылығы министрілігі тарапынан көп жұмыстар атқарылып жатыр. Қазір ветеринарлық станциялар салынуда. Осы саладағы қызметтер бір жүйеге келтірілуде. Дәрі-дәрмектер жеткілікті. Малды егу жұмыстары жолға қойылуда. Кезінде мал дәрігерлерінің қолында скальпельден басқа ештеңе қалмап еді. Қазір бәрі де бар.
- Осы салада әлі шешімін таппай тұр деп қандай мәселені айтар едіңіз?
- Бір мәселе бар. Бұрын мамандық алған мал дәрігерлерінің көбі қазір зейнеткерлік жасына жетті. Енді жас мамандарды даярлауымыз қажет. Ауыл шаруашылығы министрі болып тұрған кезінде Ақылбек Күрішбаевқа «Семейдің, Алматының мал дәрігерлік институттарын қалпына келтірейік» деп айтқан болатынмын. Маған «Оларды қалпына келтірудің мүмкіндігі жоқ екендігі, алайда, басқа университеттерде мал дәрігерін оқытатын студенттердің квотасын көбейтеміз» деген жауап берілді. Әрине, квотаның санын көбейтуге болады, бірақ ертеңгі маман білім ордасы қабырғасында жүріп мал ауруларын зерттеп, микроскоппен жұмыс істеп көрмесе, қолына заманауи құрал-жабдықтарды ұстамаса, одан қандай маман шығады? Ветеринарияның басқа мамандықтардан бір ерекшелігі студент оқу орнының жанында жүріп үйренуі керек. Мысалы, адамды емдейтін дәрігерді сырттай оқытуға болмайды ғой! Мал дәрігері де солай. Ол лабораторияда жұмыс істеп, тәжірибе жинақтауы тиіс. Сондықтан да мамандандырылған ветеринариялық орталығы бар арнайы институт болуы қажет.
Жалпы, ветеринария саласының қажеттілігі жылдан жылға артып келеді. Барлық жерге де ветеринар маманы керек. Айталық, шекарада ветеринарлық бақылау бар, ет тағамдары өтетін базарлар мен сауда орталықтарында ветеринарлар тұр.
- Ауыл шаруашылығын дамытуда ескерілмей жүрген мәселелер қайсы?
- Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығын өндірушілерге субсидия беріліп жатыр. Алайда, оның бір үйлеспейтін тұстары да бар екен. Мұны қаражатты, алып игеріп жүрген азаматтардың өздері де айтады. Мысалы, Шығыс Қазақастан облысында марал өсірумен айналысатын шаруашылықтар бар. Бұл басқа өңірде таралмаған. Марал өсірушілер «Қой, сиырмен араластырмай, Үкіметтің қаулысына мынадай баптар енгізілсе, бізге дұрыс болар еді» деп өздерінің ұсыныстарын айтты. Сондай-ақ шығыста ара шаруашылығы дамыған. Оның да өзіндік ерекшелігі бар екен. Оны тауықпен не басқамен салыстыруға болмайды.
Шығыс Қазақастан облысында күнбағыс майын өндіру ісі қарқынды дамып келеді. Оның да назардан тыс қалған, шешуді қажет ететін мәселелері бар екен. Нақты ұсыныстарымызды атқарушы билікке жеткізгелі отырмыз. Көшпелі отырыс барысында соның бәрі жан-жақты талқыланды.
Тағы бір мәселе, біздің шығыста Зайсан көлі және Бұқтырма су қоймасы бар. Ол жерлер балықшылар ауылы. Әрине шығыстың балықшыларын Арал, Балқаш балықшыларымен салыстыруға болмайды. Бірақ әр жердің өзіндік проблемалары болатыны сөзсіз. Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы, тағы басқа да осы саланың өкілдерімен бірге барып, жергілікті жұмысшылармен жүздестік. Олардың жұмысымен таныстық. Елдің қиян шетінде, Қытаймен шектесетін жерімізде, Күршім ауылының іргесінде еуростандартқа сай балық өңдейтін зауыт салынған екен. Бұрын көрмеп едім, мен өзім таңғалдым. «Төре Тоғам» деген шаруашылық құрылыпты. Олар өз өнімдерін ішкі нарыққа және шетелге шығарып жатыр. Ал Көкпекті ауылында Денис есімді азамат 60 млн теңгедей несие алып, бес-алты адам бірігіп, балықтың шабақтарын өсірумен, сол арқылы балықтың қорын көбейтумен айналысуда. Олар көлден балықты алумен қатар оның орнын толтырып отыр. Өте құптарлық іс екенін көрдік.
- Рақмет әңгімеңізге.