Бұл сессияда Сенат 89 заңның 14-ін Мәжіліске кері қайтарған

АСТАНА. KAZINFORM — Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев палатаның 8 шақырылым үшінші сессиясындағы жұмысын қорытындылады.

Сенат азаматтардың борыштық жүктемесін азайтатын заңды талқылайды
Коллаж: Kazinform/ Freepik

— Бүгін біз Палатаның үшінші сессиядағы қорытынды отырысын өткіздік. Жалпы, Сенат осы аралықта 89 заңды қарады. Олардың 75-ін мақұлдап, 14-ін Мәжіліске қайтардық. Қаралған заңдардың қатарында 3 кодекс және 7 дербес заң бар. Атап айтсақ, Президентіміздің тікелей тапсырмасымен әзірленген жаңа Бюджет және Салық кодекстері қабылданды. Сондай-ақ, су ресурстарын тиімді пайдалануға заңнамалық негіз қалыптастыратын жаңа Су кодексі қабылданды, — деді ол.

Сенат спикері Түркістан қаласына ерекше мәртебе беретін заң бекітілгенін еске салды. Аквашаруашылықты дамытуды және мемлекеттің аумақтық қорғаныс жүйесін жетілдіруді көздейтін дербес заңдар күшіне енді.

— Нысаналы капитал қорлары мен эндаумент-қорлардың қызметін реттейтін арнайы заң қабылданды. Қаржы нарығын дамытуды, тұтынушылардың құқықтарын қорғауды және алаяқтыққа қарсы іс-қимылды күшейтуді көздейтін нормалар да мақұлданды. Бүгінгі отырыста міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру саласындағы мәселелерді шешуге арналған түзетулер топтамасын қарадық. Сонымен қатар, қылмыстық заңнама нормалары оңтайландырылды, — деді Мәулен Әшімбаев.

Сондай-ақ, ол Орнықты дамуы саласындағы ұлттық мақсат-міндеттердің іске асырылуына мониторинг жүргізу жөніндегі парламенттік комиссия белсенді жұмыс істеп келе жатқанын атап өтті.

— Мәслихаттармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңестің қызметі сапалық жаңа форматқа көшіп, алғаш рет кеңейтілген отырысы өткізілді. Сенаттың халықаралық қызметі де 130-ға тарта мазмұнды шаралармен ерекшеленді. Сондай-ақ, әріптестеріміз 170-ке жуық депутаттық сауал жолдап, Үкіметке өзекті мәселелерді шешу жолдарын ұсынды. Осылайша, Президентіміздің реформаларын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етуге арналған қызметіміз нәтижелі болды деп айта аламыз, — деді Сенат төрағасы.

Айта кетейік, бүгін Сенаттың жалпы отырысында некеге тұруға мәжбүрлеу мен «дропперлік» үшін қылмыстық жауаптылық енгізілді

Соңғы жаңалықтар