Буллинг, кибербуллинг: 111 нөміріне балалар көбіне қандай мәселелермен хабарласқан
АСТАНА. KAZINFORM — «111» байланыс орталығына көмек сұрап хабарласқан балалардың басым бөлігі отбасылық мәселелері бойынша өтініш берген. Бұл туралы ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының орынбасары мәлімдеді.
– Жыл басынан бері байланыс орталығына хабарласқан 111 мыңға жуық бала мектеп пен колледждерде білім алады. Талдау нәтижелерінде балалардың жиі қоятын сұрақтары – ата-аналарымен қарым-қатынасындағы қиындықтар, педагогтермен арадағы мәселелер, оған қоса мектептегі буллинг, кибербуллинг жағдайлары. Ата-анасы ажырасып жатқан балалар да жиі көмек сұрап хабарласады. Өйткені бұл әрбір балаға үлкен соққы, – дейді Жомарт Қарамбаев Kazinform тілшісіне берген сұхбатында.
Ең көп өтініш түскен өңірлердің үштігін Алматы қаласы бастап тұр. Онда 9 160 бала түрлі шағымдармен орталықтан көмек сұраған. Батыс Қазақстан облысынан 7 654 бала хабарласса, Түркістан облысында тұратын 7 478 бала орталық жәрдеміне жүгінген.
– Батыс Қазақстандағы мәселеге келсек, менің ойымша, бұл мектеп пен отбасыдағы жағдайға байланысты. Мектептерде жұмыс жөнді жолға қойылмаған деп ойлаймын. Қазір нақты себебін анықтау үшін ауқымды зерттеу жасауды жоспарлап отырмыз. Мектеп отбасымен, ата-аналармен қалай жұмыс істеп жатқанын да анықтауымыз керек. Содан кейін ғана нақты себебін біле аламыз. Тек БҚО емес, Атырау, Ақтөбе облыстарын да қарасақ, оларда да осындай жағдайлар жиі кездесетінін көріп отырмыз. Сондықтан осы батыс өңірлеріне жеке көңіл бөлу керек. Қазір олардың басшыларымен де сөйлесіп, ұсыныстар беріп жатырмыз, – дейді министрлік маманы.
«111» Республикалық байланыс орталығында тек психологиялық емес, медициналық та, заңгерлік те көмек көрсетіледі. Мұнда педагогтерден бөлек полиция қызметкерлері мен денсаулық сақтау саласының мамандары қызмет етеді.
– 110 мыңнан астам баладан түскен өтініш арқылы талдау жасалды. Олардың көбіне психологиялық тұрғыдан қолдау көрсетіледі. Нақты айтсақ, 4 мыңға жуық бала психологиялық көмек алған. 1 600-ден астам өтініш бойынша тиісті мемлекеттік органдармен бірлесіп, балаларға нақты кешенді көмек көрсетілді, – дейді спикер.
Айта кетейік, биыл 111 мыңға жуық бала көмек сұрап 111 байланыс орталығына жүгінген.