Бундестаг депутаты Қазақстан мен Германия арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту келешегін талқылауға келеді
АСТАНА. 12 наурыз. ҚазАқпарат - 13-16 наурызда Қазақстан мен Германия арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту келешегін талқылау мақсатымен ГФР Бундестагының депутаты,
Еуропа Кеңесі Парламенттік Ассамблеясының мүшесі Карин Штренцтің Қазақстан Республикасына сапары жоспарланып отыр. Бұл туралы бүгін Сыртқы істер министрлігінде өткен баспасөз мәслихатында ведомствоның ресми өкілі Алтай Әбибуллаев мәлім етті.
Ресми өкілдің сөзіне қарағанда, сапар барысында Карин Штренц ҚР Индустрия және жаңа технологиялар министрі Ә.Исекешевпен, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары А.Волковпен, «KAZNEX INVEST» АҚ-тың басқарма төрағасы Е.Арыновпен кездесетін болады. Сондай-ақ, мейман «Атамекен» ҰЭП» АҚ пен ҚР Сауда-өнеркәсіптік палатасының басшыларымен кездесулер өткізуді жоспарлап отыр.
«Сонымен қатар, Карин Штренц Ақмола облысының әкімдігімен бірігіп «дөңгелек үстелді» ұйымдастыруды және Көкшетау қаласының кәсіпорындарын аралауды жоспарлап отыр», - дейді А. Әбибуллаев.