Бурабай хайуанаттар бағында 30 түрлі жануар мен құс мекен етеді
КӨКШЕТАУ. KAZINFORM – Бурабай курортының хайуанаттар бағы жыл бойы жұмыс істейді. Қазір мұнда жануарлар мен құстардың 30 түрін мамандар күтіп, бағып отыр. Оның ішінде құстардың 10 түрі бар. Олар хайуанаттар бағына түрлі себеппен түскен, көбісі жабайы табиғатта жарақат алғандар, араларында жыртқыш құстар да бар.

Бурабай кентіндегі хайуанаттар бағы 1976 жылы «Құтқарылған жануарларға арналған үй» ретінде құрылған. Сол кезде жараланған жануарлар мен құстар осы орталықты паналаған.
Жыл құстары қыста арнайы қысқы бақшаға орналастырылады, ал мамырда қоршаулар мен тоғандарға шығарылады. «Бурабай Даму» ЖШС баспасөз қызметінің мәліметінше, хайуанаттар бағында құстардың үлкен коллекциясы бар, екеуі қызыл кітапқа енгізілген, олар - бүркіт пен дала қыраны.

Қыста құстар әдеттегіден жиі қоректенеді. Азығы да сан алуан: үгілген арпа, ұсақталған көкөністер, тартылған ет, тартылған балық, сиыр еті, тамақ қалдықтары, балық майы, жем-шөп қабығы, дәрумендер.
Бүркіт пен дала қыраны бөлек орналастырылған, ал тауыс, мысыр тауығы, қырғауыл, тауық, күркетауық, дала үйрегі, үйдің үйрегі, аққу бірге тұрады.
«Хайуанаттар бағы жыл сайын жараланған аң-құстармен толығып отырады. Әсіресе күзде, жылы жаққа ұшып кете алмаған құстарды осындағы ветеринар мамандар өз қамқорлығына алады. Көктемде қанаттары қатайып, сауыққан кезде өздерінің табиғи ортасына жіберіледі», - дейді «Бурабай Даму» ЖШС баспасөз қызметінен.

Бурабай курортының хайуанаттар бағын ҚР ПІБ «Бурабай Даму» ЖШС басқарады.
Жалпы, «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында құстардың 197 түрі мекендейді, олардың 14-і Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген.
Хайуанаттар бағы демалыссыз жұмыс істейді, жұмыс кестесі қыс айларында 10:00-ден 18:00-ге дейін. Бес жасқа дейінгі балаларға кіру тегін.

Айта кетсек, бұдан бұрын оқушылар «Бурабай» ұлттық паркінде құстарға жем салатын астаулар орнатқанын жазған едік.


