Бурабайда «Ақмола-Инвест-2009» 1-ші халықаралық инвестициялық форум өз жұмысын бастады
КӨКШЕТАУ. Қыркүйектің 25-і. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ - Бүгін Ақмола облысына қарасты Бурабай ауданындағы «Оқжетпес» шипажайында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ербол Орынбаевтың қатысуымен «Ақмола-Инвест-2009» бірінші халықаралық инвестициялық форум өз жұмысын бастады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Алғаш рет қолға алынып отырған алқалы жиынға Австрия, Германия, Израиль, Түркия, Сауд Арабиясы, Украина, Беларус, Ресей Федерациясы және АҚШ өкілдері қатысуда. Сонымен қатар, форум жұмысына дипломатиялық және сауда миссиясының, қаржы саласының өкілдері, бизнесмендер мен қоғам қайраткерлері, ҚР Парламентінің депутаттары қатысуда. Өңірдің инвестициялық мүмкіндіктері турасында облыс әкімі Альберт Рау баяндама жасады. Екі күнге жалғасатын форумда «Индустриялық-инновациялық дамудың» бүгіні мен келешегі сараланып, Көкшетау қаласын дамытудың, Бурабай арнайы экономикалық аймағын дамытудың Бас жоспарларының таныстырылымдары болмақ. Сондай-ақ »Тамақ өнеркәсібі» кластерін дамыту, Астана қаласы маңында азық-түлік белдеуін құру, ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеу жөніндегі жобаларды да қарастыру белгіленген. Аймақ бойынша әлеуетті әріптестерге жалпы сомасы 40 миллиард теңгені құрайтын 20-дан астам инвестициялық жобалар ұсынылды. Басқосу соңында инвестжобалар жөніндегі бірқатар меморандумға және өзара ынтымақтастық туралы келісімдерге қол қойылатын болады.