Бурабайда әуежай салу мәселесі пысықталып жатыр — облыс әкімі
АСТАНА. KAZINFORM — Ақмола облысы — Қазақстандағы туризм драйверінің бестігіне кіреді.
Бүгін Ақмола облысының әкімі Марат Ахметжанов орталық коммуникациялар қызметі алаңында өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму әлеуеті туралы есеп беріп, БАҚ өкілдерінің сауалына жауап берді. Өңір басшысы қозғаған тақырыптың бірі туризм саласы.
— Жарты жылдықтың қорытындысы бойынша туризм саласында оң серпін байқалады. Атап айтқанда, көрсетілген қызметтің көлемі өткен жылмен салыстырғанда 121%-ға артты, 14 млрд теңгеге қол жеткізілді. Туристер легі 900 мың адам, алдын ала болжам бойынша жылдық көрсеткіш 1,5 млн адамнан асады. Щучинск-Бурабай курорттық аймағы елде туризмді дамытудың үш орталығының бірі болып айқындалды, — деді Марат Ахметжанов.
Әкімнің айтуынша, бүгінде курорттық аймақты 2029 жылға дейін дамытудың кешенді жоспары бекітілді.
— Биыл курорттың ең көркем жерлерінде 8 алаң, 10,2 шақырым заманауи веложол салынды. Ойын элементтері бар бірегей Бөлектау эко жаяу жолы ашылды. Осы туризмдік маусымда алғаш рет тікұшақ экскурсиясы іске қосылды. Сонымен қатар Астанамен тікелей қатынас орнату үшін шағын әуежай ашу мәселесі пысықталып жатыр, — деп қорытындылады облысы басшысы.
Айта кетейік, бұған дейін Марат Ахметжанов Ақмола облысында апатты жағдайдағы және үш ауысымды мектептер мәселесі толық шешілгенін мәлім етті.
Бұған дейін хабарлағанымыздай биыл 7 мыңнан астам ақмолалық тұрғын үй жағдайын жақсартты.
Биыл Ақмола облысының диқандары рекордтық көлемде астық жинады.
Еске сала кетейік, Ақмола облысында астықты терең өңдейтін алғашқы зауыт құрылысы басталды.
Сондай-ақ 2026 жылы Қосшыда жаңа электр энергиясы станциясы салына бастайды.