Бурабайда кәуап қуырған екі тұрғын жарты миллион теңгеге жуық айыппұл арқалады
АСТАНА. KAZINFORM — Астананың екі тұрғыны «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында от жаққаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Заң бұзушылық ұлттық парк мемлекеттік инспекторлары мен табиғатты қорғау полициясы қызметкерлерінің бірлескен рейдтік іс-шаралары барысында анықталды.
Кезекті бірлескен рейдтердің қорытындысы бойынша 16 құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Анықталған құқық бұзушылықтардың қатарында автокөліктердің жалпыға ортақ пайдаланылатын жолдардан орман алқабына шығуының сегіз фактісі, арнайы белгіленген орындардан тыс жерде шатыр тігудің бес фактісі, рұқсат құжаттарынсыз туристік қызмет көрсетудің бір фактісі, сондай-ақ өрт қауіпсіздігі талаптарын, ормандардағы санитарлық қағидаларды бұзу және қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдік ішуге қатысты екі дерек тіркелді.
Сонымен қатар полиция қызметкерлері рейд кезінде жол қозғалысы ережелерін бұзудың 80 фактісін анықтады. Олардың ішінде қауіпсіздік белдігін тақпай көлік басқару, рөлде отырып ұялы телефон пайдалану, қиылыстардан өту және маневр жасау қағидаларын бұзу, техникалық ақауы бар немесе заңсыз қайта жабдықталған көліктерді пайдалану, көлік құралын басқару құқығынсыз жүргізу, сондай-ақ мас күйінде көлік басқару фактілері бар.
Бұдан бөлек, қоғамдық тәртіпті бұзу, оның ішінде тыныштықты бұзу және қоғамдық орындарда азаматтарға тиісу әрекеттерінің жолы кесілді.
Ұлттық парк әкімшілігі өрт қаупі жоғары кезеңде арнайы жабдықталған орындардан тыс жерде от жағуға және ашық отты пайдалануға тыйым салынатынын ескертті. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген. Кейбір жағдайларда айыппұл мөлшері 100 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін жетіп, шамамен 430 мың теңге болады.
Демалушылардың жайлы әрі қауіпсіз демалысын қамтамасыз ету мақсатында «Бурабай» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің аумағында 50 пикник аймағы жабдықталған. Бұл орындарда тағам дайындауға қажетті барлық жағдай жасалған және дәл осы жерлерде өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтай отырып, мангал қолдануға және ас әзірлеуге рұқсат етіледі.
Еске салайық, бұған дейін Алматы ормандарында от жаққан 100-ден астам адам жауапқа тартылғанын хабарлағанбыз.