Бурак Озчивит Ақтауда жанкүйерлермен кездескенінде «қауіпті» жағдайға тап болды
АҚТАУ. KAZINFORM — Түріктің атақты актері Бурак Озчивит ақтаулықтармен өткен кездесуден кейін залдан қызметтік есік арқылы сытылып шығуға мәжбүр болды.

Бурак Озчивит бүгін жанкүйерлерімен кездесу өткізіп, шығармашылығы мен жеке өмірі, алдағы жоспарлары туралы сұрақтарға жауап берді. Сонымен қатар, шетелдік жұлдызға сыйлықтар тарту етілді. Кездесу шамамен 1 жарым сағатқа созылды.
Ал кездесу аяқталғанда күзетшілерге актерді залдан алып шығу қиынға соқты. Әлемдік жұлдызбен жеке фотоға түсуге тырысқан тұрғындар актерді жан-жағынан қысып, таптап кете жаздады. Күзетшілерге Буракты қайтадан ішке кіргізіп, ғимараттың басқа есігінен шығаруға тура келді.
Бұған дейін, Атақты түрік актері Бурак Озчивиттің Ақтауға неге келгенін жазған болатынбыз.
Айта кетейік, Бурак Озчивит «Осман империясы», «Қара Севда», «Керемет Ғасыр» телехикаяларымен танымал.