Бұрынғы еурокомиссар Питер Мандельсон Эпштейнмен байланысы үшін қамауға алынды
АСТАНА.KAZINFORM — Еуропалық комиссияның бұрынғы Сауда жөніндегі комиссары, Ұлыбританияның бірінші министрі және АҚШ-тағы елшісі болған Питер Мандельсон Джеффри Эпштейнмен байланысына қатысты тергеу аясында қамауға алынды, деп хабарлайды Euronews.
Ұлыбритания полициясы дүйсенбіде Питер Манделсонның жыныстық қылмыс жасағаны үшін сотталған марқұм қаржыгер Джеффри Эпштейнмен байланысын әшкерелегеннен кейін қызметтік жағдайды теріс пайдалану туралы істі тергеу аясында тұтқындады.
— Офицерлер 72 жастағы ер адамды мемлекеттік қызметте жүріп теріс қылық жасады деген күдікпен қамауға алды, — делінген Лондон полициясының мәлімдемесінде.
Бұған дейін бұрынғы елші және экс-еурокомиссардың бірнеше үйінде тінту жүргізіліп, оны алып кеткені туралы бейнежазбалар жарияланған болатын. Тәртіп сақшылары жауап алу үшін оны полиция бөлімшесіне жеткізді.
Полиция осы айдың басында Мандельсонға қатысты тергеуді АҚШ Әділет министрлігі Эпштейнге арналған құжаттаманың тағы бір бөлігін жариялағаннан кейін бастады. Соңғы файлдар жиынтығында Мандельсонның 2019 жылы түрмеде қайтыс болған қаржыгермен қарым-қатынасы туралы жаңа мәліметтер пайда болды.
Файлдарда Мандельсонның 2009 жылы бизнес-хатшы қызметін атқарған кезде Эпштейнмен нарыққа қатысты үкіметтік ақпаратпен бөліскенін көрсететін электрондық хаттар бар.
Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер 2024 жылдың желтоқсанында Манделсонды жоғары дипломатиялық лауазымға тағайындады. Содан кейін 2025 жылдың қыркүйегінде оның қылмысы әшкереленгеннен кейін қызметінен босатты.
Мандельсонды қазір полиция 10 жарым жыл бұрын Эпштейнге үкіметтік құпия ақпаратты берді деген айыппен тергеп жатыр. Оған жыныстық қатынасқа қатысты айып тағылмаған.
Мандельсон бұрынғы ханзада Эндрю Маунтбаттен-Виндзордың Эпштейнмен достығына байланысты қамауға алынғанынан кейін тұтқындалды.
Бұған дейін Питер Мандельсон атышулы америкалық қаржыгер Джеффри Эпштейнмен байланысы үшін билеуші лейбористік партиядан кеткен болатын.
Айта кетейік, былтыр қараша айына дейін ханзада титулын иеленген Эндрю Маунтбаттен-Виндзор Ұлыбританияда қамауға алынды. Тергеу оның балаларға жыныстық қылмыс жасағаны үшін сотталған америкалық миллиардер Джеффри Эпштейнге құпия ақпаратты беру мүмкіндігін тексеріп жатыр. Бұл Эндрю Ұлыбританияның сауда өкілі қызметін атқарған кезеңде болуы мүмкін деп шамаланып отыр.
Еске салсақ, АҚШ-тың бұрынғы президенті Билл Клинтон мен оның жұбайы, бұрынғы мемлекеттік хатшы Хиллари Клинтон Джеффри Эпштейнге қатысты тергеу аясында Өкілдер палатасының бақылау комитетінде куәлік беруге келісті.