БҰҰ: 200 мыңнан астам адам Ливаннан қашып, Сирияда бас сауғалады
АСТАНА. KAZINFORM — Таяу Шығыстағы соғыс аясында наурыз айының басынан бері Ливаннан Сирия Араб Республикасына 200 мыңнан астам адам өткен. Бұл туралы БҰҰ-ның Босқындар ісі жөніндегі Жоғарғы комиссары басқармасының (БҰҰ БЖКБ) Сириядағы уақытша өкілі Асир әл-Мадайен Женевадағы апталық брифингте мәлімдеді. Бұл туралы Анадолы агенттігі жазды.
Оның айтуынша, 2–27 наурыз аралығында Сирия билігінің деректеріне сәйкес, 200 мыңнан астам адам (оның ішінде шамамен 180 мыңы сириялықтар) үш ресми шекара бекеті арқылы елге оралған. Бұл ағынның ішінде қайтадан қауіптен қашқан босқындар да, отанына оралғысы келгендер де бар.
Сонымен қатар, 28 мыңнан астам ливандық Израильдің қарқынды әуе шабуылдарынан құтылу үшін Сирияға өткен. Көптеген адамдар шекараға қатты шаршаған және күйзеліске ұшыраған күйде жетіп жатыр.
Израильдің Ливанға шабуылдары
Израиль армиясының 2 наурыздағы мәлімдемесіне сәйкес, елдің солтүстігіне Ливан аумағынан зымыран атылғаны анықталғаннан кейін дабыл сиреналары қосылған.
Кейін Израиль Ливан аумағына, соның ішінде астана Бейрутқа әуе соққыларын бастағанын хабарлап, құрлықтағы операцияны кеңейту туралы шешім қабылдады. Әскери әрекеттер әуе және теңіз соққыларымен қатар жүргізілген.
Ливан Денсаулық сақтау министрлігінің соңғы мәліметінше, 2 наурыздан бері Израиль шабуылдарының салдарынан 1247 адам қаза тапқан.
Ал Ливан үкіметі жанындағы төтенше жағдайлар қызметінің хабарлауынша, шабуылдар мен оккупация салдарынан ел ішіндегі мәжбүрлі қоныс аударғандар саны 1 миллион 162 мың адамнан асқан.
Бұған дейін Ливанның оңтүстігінде индонезиялық БҰҰ бейбітшілік миссиясының әскері қаза тапқанын жаздық.