БҰҰ 70 жылдығы: Қазақстан Ұлттар қоғамдастығы арқылы адамзатқа ортақ проблемаларды шешуге өз үлесін қосуға ұмтылады
АСТАНА. ҚазАқпарат - Тәуелсіздік жылдары ішінде Тұңғыш Президент - Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың теңгерімді әрі көреген саясатының арқасында Қазақстан халықаралық аренаның белсенді және беделді ойыншысына айналды. Қазақстанның негізгі маңызды жаһандық және өңірлік бастамалары ағымдағы жылы өзінің 70 жылдық мерейтойын атап өтетін Біріккен Ұлттар Ұйымымен ынтымақтастығы аясында жүзеге асырылуда.
Біріккен Ұлттар Ұйымының ең басты әрі негізгі құжаты - оның Жарғысы. Тарихи деректерге қарағанда, Ұйым Жарғысының жобасы КСРО, АҚШ, Қытай және Ұлыбритания мемлекеттері өкілдерінің қатысуымен жасалған. Құжат бес тілде - орыс, ағылшын, қытай, француз және испан тілдерінде әзірленіп, 1945 жылдың 26 маусымында оған Сан-Франциско конференциясында 51 мемлекет қол қойды. Ал Жарғы сол жылдың 24 қазанында аталған конференцияға қатысушы елдердің Жарғыны ратификациялауына байланысты күшіне енді. Содан бері 24 қазан халықаралық қоғамдастықта Біріккен Ұлттар Ұйымының құрылған күні ретінде кеңінен аталып өтіп жүр.
Қазіргі уақытта Біріккен Ұлттар Ұйымына 193 мемлекет мүше. БҰҰ жұмысы Ұйымның Жарғысында көрсетілген мақсаттар мен ұстанымдар негізінде айқындалады. Жарғыға сәйкес БҰҰ кең ауқымды өкілеттікке ие. Ол бейбітшілік пен қауіпсіздік, климаттың өзгеруі, тұрақты даму, адам құқығы, қарусыздану, лаңкестік, гуманитарлық және төтенше жағдайлар, гендерлік теңдік, азық-түлікті басқару, өндіру және өзге де маңызды мәселелер бойынша шешім қабылдайды. БҰҰ хатшылығының басты әкімшілік лауазымды қызметкері Бас хатшы болып саналады.
КСРО құрамында болған кезде еліміздің БҰҰ-да өзінің тұрақты өкілдігін ашуға еш мүмкіндігі болмаған еді. Дегенмен, Қазақстан өз тәуелсіздігін алғаннан кейін 1992 жылы 2 наурызда БҰҰ мүшесі болды және Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 1992 жылы 15 сәуірде БҰҰ жанындағы Қазақстан Республикасының бірінші Тұрақты Өкілі болып Ақмарал Арыстанбекова тағайындалды. БҰҰ жанындағы Қазақстан Республикасының Тұрақты Өкілдігін құру туралы Президент Жарлығына 1992 жылы 5 маусымда қол қойылды. Қазақстанда БҰҰ-ның өкілдігі 1993 жылы 16 ақпанда ашылды.
Қазіргі уақытта Қазақстан БҰҰ-ның іс жүзінде барлық мамандандырылған мекемелерінің, БҰҰ-ның екі өңірлік комиссиясының (ЕЭК және АзТЭӘК) мүшесі болып табылады, ЭКОСОС-тың функционалдық комиссиясына, сонымен қатар ЮНИСЕФ, ЮНЕСКО, БҰҰ-әйелдер Атқарушы кеңесіне сайланып отырады.
2013-2015 жылдар аралығында Қазақстан БҰҰ-ның адам құқығын қорғау Кеңесінің мүшесі болып табылады. 2010 жылы Қазақстан 2017-2018 жылдар аралығына БҰҰ ҚК-нің тұрақтеы емес өкілі және БҰҰ БА-ның 71-сессиясының Төрағасы лауазымына ресми түрде өз кандидатурасын ұсынды.
Қазақстан мен БҰҰ ынтымақтастығының дамуында Мемлекет басшысының Ұйымның Нью-Йорктегі штаб-пәтеріне және БҰҰ-ның Женевадағы Еуропалық бөлімшесіне сапары, сонымен бірге БҰҰ басшылығымен кездесулері маңызды рөл атқарады. 2002 жылдың қазанында Қазақстанға БҰҰ Бас хатшысы Кофи Аннан, 2010 жылы Бас хатшы Пан Ги Мун келді. Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерейтойына арналған Мәскеудегі парад аясында Пан Ги Мун мен Елбасы Н.Нзарбаев екіжақты кездесу өткізді.
Қазақстан 1992 жылдан бері БҰҰ-ның барлық негізгі іс-шараларына белсенді түрде қатысты және теңізге шығуға мүмкіндігі жоқ мемлекеттер үшін БҰҰ-ның ғаламдық Конференциясын, АзТМЭӘК-нің 53-сессиясын, алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету туралы Алматы Декларациясының қабылдануының 30 жылдығына арналған ДДҰ Конференциясын, Азия және Тынық мұхиты мемлекеттеріне арналған қоршаған орта мен даму бойынша 6-министрлік конференциясын және тағы да басқа ірі халықаралық форумдарды өз жерінде өткізді.
Тәуелсіз Қазақстан тарихында 1992 жылдың 2 наурызы Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымына мүшелікке қабылдануымен ерекшеленеді. Еліміз БҰҰ Бас Ассамблеясының 46-сессиясында Ұйымның жаңа мүшесі ретінде ғана емес, қазіргі заманның ең өзекті халықаралық проблемалары бойынша белсенді позиция ұстанатын мемлекет ретінде мүше болды. БҰҰ Бас Ассамблеясының 47-сессиясында Мемлекет басшысы Н.Назарбаев Қазақстанның халықаралық саясаты туралы айта келіп, екі маңызды ұсынысты алға тартқан болатын. Оның біріншісі - барлық үкіметтердің ізгі ниет білдіру тәртібімен "бір+бір" формуласы бойынша БҰҰ-ның бітімгершілік күш-жігерінің қорын құруды бастау. Бұл формула әрбір мемлекет оған өзінің қорғаныс бюджетінен бір пайыз бөліп, жыл сайын оны бір пайызға ұлғайтып отыруды көздейді. Осылай еткенде он жылдан соң бітімгершілік сомасы он есеге өседі. Екінші ұсынысы - Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары кеңесін (АӨСШК) шақыру. Мемлекет басшысының бұл бастамасы көпшілік елдер тарапынан, сондай-ақ БҰҰ-дан қолдау тауып, Қазақстанның сыртқы саясатын айқындауда айтарлықтай рөл атқарды.
Қазақстан экономика, экология, әлеуметтік даму саласындағы Ұйымдармен, халықаралық құқықтың ілгерінді дамуы, адам құқығының сақталуы, лаңкестікпен күрес, ұйымдастырылған қылмыстылық және есірткі бизнесі саласына аса ерекше назар аударады. Қазақстанның ғаламдық ядролық қарусыздандыруға қосқан үлесін тиісінше бағаламау мүмкін емес. Қазақстан әлемде өлшемі бойынша төртінші ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартқан мемлекет ретінде үлкен беделге ие. Мемлекетіміз Ядролық қаруларды сынауға тыйым салу туралы келісімнің белсенді қатысушысы болып табылады және оның тез арада күшіне енуін қолдайды. 2009 жылы Қазақстан бастамасымен БҰҰ Бас Ассамблеясы 64/35 қарарын бірауыздан қабылдап, 29 тамызды Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні деп жариялады.
Лаңкестікпен күрес мәселесі БҰҰ-ның күн тәртібінен он жыл бойы түспеген тақырып. Қазіргі уақытта Қазақстан барлық 13 халықаралық әмбебап лаңкестікпен күрес туралы Конвенцияға қосылды. Қазақстан есірткі бизнесі және заңсыз есірткі таралуы саласындағы халықаралық және өңірлік ынтымақтастықтың дамуына ерекше көңіл бөледі. Біздің мемлекет осы саладағы БҰҰ-ның барлық негізгі конвенцияларын бекітті. Қазақстан БҰҰ конференциясында Рио+20 тұрақты даму бойынша жеткен уағдаласттықтарды жүзеге асыру жұмыстарына жігермен үлес қосады. «Жасыл» экономикаға көшу ұлттық тұжырымдамасы, энергетика, су, коммуналдық және ауыл шаруашылығы, өндірістік, биоалуантүрлілік секілді негізгі секторларда тұрақты дамуды қамтамасыз етуге бағытталған ұлттық бағдарламалар жасалды.
Қазақстан өткізетін «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінің «Болашақ энергиясы» тақырыбын таңдау тұрақты энергетика саласында таңдаулы тәжірибені таратуды жәрдемдесуге шақырады.
Қазақстанның БҰҰ-ның Қоршаған орта бойынша бағдарламасымен (ЮНЕП), климатты қорғау бойынша ауаның трансшекаралық ластануы, биоалуантүрлілілікті сақтау, Каспийдің теңіздік ортасын қорғау ғаламдық және маңызды өңірлік табиғат қорғау конвенциялары және келісімдерімен өзара іс-қимылдарына өз үлесін қосып кледі. Қазақстан БҰҰ-мен адам құқығын қорғау және ынталандыруды қамтамасыз ету бойынша ынтымақтастыққа ерекше көңіл бөледі және БҰҰ Жарлығына, Жалпыға бірдей адам құқығы декларациясына, экономикалық, әлеуметтік және мәдени құқықтар туралы Халықаралық пакті мен Азаматтық және саяси құқықтар туралы Халықаралық пактіге жетекші рөлді береді.
Айта кетерлігі, 26-29 қыркүйек күндері Қазақстан Президенті Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының Нью-Йоркте өтетін мерейтойлық 70-ші сессиясына осы ұйымның Бас хатшысы Пан Ги Мунның шақыруымен қатысу үшін Америка Құрама Штаттарына барады. Мемлекет басшысы Бас Ассамблеяның Жалпы пікірсайысы барысында баяндама жасайды, БҰҰ Мыңжылдық даму мақсаттарын жүзеге асыру жөніндегі саммитке және 2030 жылға дейінгі Орнықты даму мақсаттарын қарауға, сондай-ақ зорлық-зомбылық экстремизмімен күрес жөніндегі саммитке қатысады деп күтілуде. Сондай-ақ Бас Ассамблея аясында бірқатар мемлекеттер мен үкіметтер басшыларымен келіссөздер жүргізу жоспарлануда. Сонымен бірге, JP Morgan, Guggenheim, Chevron, Microsoft сияқты және басқа да ірі американдық компаниялар басшыларымен кездесу көзделген.