БҰҰ әлемге төнген негізгі жаһандық қауіптерді атады
АСТАНА. KAZINFORM — Әлемде жаһандық соғыс қаупіне қатысты алаңдаушылық күшейіп отыр. Кейінгі екі жылда сарапшылар бұл қатерді алыстағы қауіп ретінде емес, адамзатқа төнуі мүмкін ең өзекті жаһандық қауіптердің бірі ретінде бағалай бастаған. Бұл туралы БҰҰ-ның жаңа баяндамасында айтылған, деп хабарлайды Kazinform БҰҰ жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап.
Зерттеуге әлемнің түкпір-түкпірінен үкіметтер, халықаралық ұйымдар, азаматтық қоғам, жеке сектор және ғылыми қауымдастық өкілдері қатысты. Барлығы 1 300 адам 28 түрлі саяси, экономикалық, экологиялық, әлеуметтік және технологиялық тәуекелге баға берген. Олар әр қауіптің алдағы уақытта орын алу ықтималдығын, оның салдарының ауқымын және халықаралық қауымдастықтың оған төтеп беруге қаншалықты дайын екенін бағалаған.
2024 жылмен салыстырғанда ауқымды соғыс қаупі алдағы уақытта туындауы мүмкін қауіптер тізімінде бірден 16 орынға жоғарылаған. Бұл — барлық қауіп арасындағы ең үлкен өсім. Сауалнамаға қатысқандардың 36 пайызы мұндай соғыстың салдары алдағы бір жылдың ішінде-ақ адамзаттың едәуір бөлігіне әсер етуі мүмкін деп есептейді. Ал 76 пайызы бұл қауіп алдағы жеті жылда болуы ықтимал деген пікірде.
Сонымен қатар респонденттер халықаралық қауымдастықтың ауқымды соғысқа қарсы тұруға дайындығы төмен екенін айтқан. Бұл қауіп маңыздылығы, уақыт жағынан жақындығы, өзге қауіптермен байланысы және оған қарсы әрекет ету дайындығының төмендігі бойынша бірден төрт көрсеткіште алғашқы алты орынның қатарына енген.
Кейінгі екі жылда әлемдегі негізгі қауіптер туралы түсінік те өзгерген. 2024 жылы адамдарды көбірек алаңдатқан экологиялық мәселелер, жалған ақпарат пен пандемия болса, қазір геосаяси шиеленіс, соғыс қаупі және заң үстемдігінің әлсіреуі алдыңғы орынға шыққан.
— Зерттеу нәтижелері алаңдатарлық. Саяси тәуекелдер қазір басты орынға шықты. Ауқымды соғыс қаупі екі жыл бұрынғыға қарағанда әлдеқайда маңызды әрі жақын қатер ретінде қабылданып отыр, — деді БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш баяндаманың алғысөзінде.
Саяси қауіптер барлық өңірде алдыңғы қатарға шыққан
Қауіптерді бағалаудағы бұл өзгеріс зерттеуге қатысқан жеті өңірдің бәрінен байқалады. Ауқымды соғыс пен геосаяси шиеленіс барлық өңірде ең маңызды он қауіптің қатарына кірген. Оның алтауында бұл екі қауіп алғашқы бестіктен орын алған. 2024 жылы олар тек бір өңірде ғана алғашқы бестікке енген еді.
Жаппай қырып-жоятын қаруға байланысты қауіптер де Орталық және Оңтүстік Азияда, Сахараның оңтүстігіндегі Африка елдерінде және Океанияда ең маңызды он қатердің қатарына енген.
Шығыс және Оңтүстік-Шығыс Азия тұрғындарын ықтимал жаһандық қаржы дағдарысы, жасанды интеллектінің дамуы салдарынан туындауы мүмкін мәселелер және технологиялық компаниялардың қолына биліктің шоғырлануы алаңдатады. Жасанды интеллектке қатысты қауіптер Еуропа мен Солтүстік Америкада да алғашқы ондыққа енген.
Ал жаңа пандемиялар мен биологиялық қауіптер қазір барлық өңірде алғашқы ондықтан түсіп қалған. Екі жыл бұрын бұл қатерлер Шығыс және Оңтүстік-Шығыс Азия, Латын Америкасы мен Кариб бассейні, сондай-ақ Сахараның оңтүстігіндегі Африка елдері үшін ең маңызды қауіптердің бірі болған.
Жаһандық қауіптер бір-бірімен тығыз байланысты
Баяндамада әлемдегі қауіптердің бір-бірінен бөлек қарауға болмайтыны айтылған. Респонденттердің пікірінше, табиғи ресурстардың тапшылығы, экономиканың бөлшектенуі, жалған ақпараттың таралуы және халықаралық институттардың әлсіреуі геосаяси шиеленісті күшейтуі мүмкін. Ал геосаяси шиеленістің күшеюі ауқымды соғыс қаупін арттырады.
Сауалнама барысында анықталған 705 түрлі байланыстың ішінде геосаяси шиеленіс пен соғыс қаупінің арасындағы байланыс ең жоғары болған.
Баяндамада жасанды интеллектке де ерекше назар аударылған. ЖИ мен басқа да озық технологияларға байланысты қауіптер, сондай-ақ технологиялық компаниялардың ықпалы мен биліктің шоғырлануы екі жыл бұрынғыға қарағанда әлдеқайда маңызды мәселе ретінде қарастырылады. Респонденттердің пікірінше, халықаралық жүйе дәл осы технологиялық қауіптерге қарсы тұруға ең аз дайын.
Соған қарамастан климаттың өзгеруіне қарсы әрекетсіздік әлі де әлемдегі ең маңызды жаһандық қауіп болып отыр. Бұл мәселе барлық өңірде жоғары бағаланған. Табиғи ресурстардың тапшылығы да әлемнің көптеген бөлігінде елеулі алаңдаушылық туғызады.
Баяндама авторлары экологиялық қауіптердің кейбірі рейтингте төмендегенімен, бұл олардың азайғанын білдірмейтінін ескертеді. Өзгергені — адамдардың бұл мәселелерді қаншалықты маңызды әрі шұғыл деп қабылдайтыны.
Бұл ретте қоғам мен саясаткерлердің назары ресурстардың қалай бөлінетініне тікелей әсер етеді. Сондықтан назардан тыс қалған мәселелер қажетті қаржыландырусыз қалуы мүмкін.
Қауіптердің алдын алуда бірлескен іс-қимыл маңызды
Респонденттер жаһандық қауіптерге тиімді қарсы тұруға кедергі келтіретін негізгі факторлар ретінде басқару мен үйлестіру тетіктерінің әлсіздігін, саяси ортақ пікірдің болмауын, сондай-ақ сенім мен есептіліктің жеткіліксіздігін атаған.
Бұдан бөлек, басымдықтарды дұрыс айқындай алмау, қоғам, саясаткерлер немесе бизнес тарапынан қарсылықтың болуы, сондай-ақ қажетті деректер мен ақпараттың жетіспеуі де негізгі кедергілердің қатарында.
Сауалнамаға қатысқандардың 86 пайызы тәуекелдердің алдын алуға және олардың салдарын азайтуға бөлінетін қаржы жеткіліксіз деп санайды. БҰҰ баяндамасында қаржы тапшылығы табиғи апаттарға қарсы тұруға және халықаралық институттардың әлсіреуінің алдын алуға кедергі келтіретіні айтылған.
БҰҰ өкілдері бұл зерттеу болашақты болжауға арналмағанын айтты. Баяндама әлемдегі қауіптердің қалай қабылданатынын көрсетеді. Алайда адамдардың қауіптерге деген көзқарасы саяси шешімдер мен қаржының бөлінуіне әсер етеді. Демек, бүгінгі таңда қандай мәселелерге басымдық берілетіні болашақта қандай да бір дағдарыстардың алдын алуға ықпал етуі мүмкін.
— Бір нәрсе өзгерген жоқ: респонденттер үкіметтердің бірлескен әрекетін қауіптердің алдын алудың ең тиімді жолы деп есептейді. Бірде-бір мемлекет, компания немесе институт мұндай қатерлерге жалғыз өзі төтеп бере алмайды. 2026 жылғы Жаһандық тәуекелдер туралы баяндама шешім қабылдау кезінде басшылыққа алуға болатын маңызды деректер ұсынады. Қазіргі және болашақ ұрпақ алдындағы міндетіміз — осы білімді дұрыс пайдаланып, ынтымақтастық арқылы әлемді қауіпсіз жолға бағыттау. Бұл мүмкіндікті пайдалану өз қолымызда, — деді Антониу Гутерриш.
Еске салайық, бұған дейін Йеменнің оңтүстік-батысында өткен аптада хуситтер мен үкімет күштері арасындағы қақтығыстар қайта өршіп, кемінде 46 мың адам үйін тастап кетуге мәжбүр болғанын жазғанбыз.