БҰҰ «Аш-Шабаб» террорлық ұйымына қарсы санкцияларды ұзартты
АСТАНА. KAZINFORM — БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі «Аш-Шабаб» террорлық ұйымына қарсы санкцияларды 2026 жылғы 30 қарашаға дейін ұзартқанын мәлім етті. Бұл туралы Анадолы хабарлады.
Ұлыбритания ұсынған резолюцияны кеңестің 15 мүшесі бір ауыздан қолдады.
Резолюцияға сәйкес, 2026 жылғы 30 қарашаға дейін кемелерге қатысты араласу құқығы ұзартылып, заңсыз қару импортына эмбарго, көмір экспортына тыйым және жарылғыш заттар жасау компоненттеріне шектеулер сақталады.
Сонымен бірге, қаруға эмбарго, саяхатқа тыйым және мүлік пен қаржыны бұғаттау сияқты шаралар «Аш-Шабаб» ұйымына қатысты шексіз уақытқа әрекет етеді.
Дауысқа салудан кейін Ұлыбританияның БҰҰ-дегі тұрақты өкілінің орынбасары Джеймс Кариуки резолюцияны қабылдағанын қолдады. Ол Қауіпсіздік Кеңесінің барлық мүшелеріне келіссөздерге конструктивті қатысқаны үшін алғыс айтты.
Кариуки бұл шешімнің «Аш-Шабабтың қаруға қол жеткізуін, қаржылық ресурстарын әлсіретуді және Сомалидағы әлеуетін шектеуді күшейтетінін» атап өтті.
Еске сала кетейік, «Аш-Шабаб» 2007 жылдан бері Сомали үкіметіне және Африка одағы күштеріне шабуыл жасап, қалалық және ауылдық аймақтарда террорлық актілер жүзеге асырып келеді. Ұйым 2010 жылғы 12 сәуірде БҰҰ санкциялық тізіміне енгізілген.
2024 жылғы қаңтарда БҰҰ тікұшағы Сомалида апатты жағдайда қонған кезде «Аш-Шабаб» мүшелері оны басып алған болатын.
Сонымен қатар «Аш-Шабаб» тобының содырлары ел астанасы Могадишодағы федералды шенеуніктер жиі кездесулер өткізетін Hayat қонақ үйін басып алып, ғимаратты бір күннен артық ұстаған.