БҰҰ Әзербайжанның кемсітумен күресі туралы айтты
АСТАНА. KAZINFORM — Әзербайжан Конституциясы кемсітушіліктің барлық түріне қатаң түрде тыйым салады және барлық адамдарға тең құқықтар мен бостандықтарды қамтамасыз етеді. Бұл туралы БҰҰ жанындағы Әзербайжанның Тұрақты өкілдігінің бірінші хатшысы Шахрияр Гаджиев айтты, деп жазды Report.
Ол мұны БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясының үшінші комитетінің отырысында нәсілшілдіктің заманауи түрлері бойынша арнайы баяндамашымен интерактивті диалог барысында мәлімдеді.
Шахрияр Гаджиев мәдени көптүрлілікті ілгерілету және қорғау, сондай-ақ әртүрлі мәдениеттер арасындағы өзара түсіністік пен байланыс орнату бағытындағы күш-жігер нәсілшілдікке, нәсілдік кемсітушілікке, ксенофобияға және оларға байланысты төзімсіздікке қарсы күресте маңызды рөл атқара алатынын айтты.
Дипломат мемлекеттер нәсілдік кемсітушілікті насихаттайтын және оған арандататын ұйымдарды ашық түрде айыптап, тыйым салуы тиіс екенін атап өтті.
— Әзербайжан өз аумағында тұратын барлық адамдардың нәсіліне, терісінің түсіне, шығу тегіне, ұлттық немесе этникалық тиесілігіне қарамастан олардың құқықтары мен қадір-қасиетін қорғауға бейімді және нәсілдік кемсітушіліктің барлық түрі мен көріністерін жоюға бағытталған ұлттық және жаһандық деңгейдегі күш-жігерін жалғастыра береді, — деді Ш. Гаджиев.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде адамды ұлтына, тіліне, дініне қарай кемсіту ешқашан болмағанын айтты.