БҰҰ Бас Ассамблеясы Қазақстанның бастамасымен ұсынылған «Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық күн» қарарын мақұлдады
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Аталған «Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық күн» атты қарар бастамасын ҚР Президенті Н. Назарбаев ағымдағы жылғы маусымның 18-інде Семейде өткен жиында ұсынған болатын. Ядролық сынақтардың адам өмірі мен денсаулығына және қоршаған ортаға тигізер әсерін біліп, мойындай отырып, сондай-ақ оларды тоқтатудың ядролық қарудан азат әлемге қол жеткізудегі маңызды құралдардың бірі екендігін ескере отырып, қарар тамыздың 29-ын Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық күн деп жариялайды. Консенсус негізіндегі қарардың қабылдануы халықаралық қауымдастықтың жаһандық қауіпсіздік пен жаппай қырып жою қаруын таратпауға қатысты ҚР Президенті Н. Назарбаевтың басшылығымен Қазақстанның қосқан үлесін мойындауы болып табылады. ҚР Сыртқы істер министрлігі Мемлекет басшысы Н. Назарбаевтың бастамасына қолдау көрсеткен барлық мемлекеттерге ризашылығын білдіреді», деді Е. Ашықбаев.