БҰҰ Бас хатшысы Асад режимі құлағаннан кейін алғаш рет Сирияға барды
АСТАНА. KAZINFORM — БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш Асад режимі құлағаннан кейінгі Сирияға жасаған алғашқы сапары барысында елдің қақтығыстан кейін қалпына келіп қана қоймай, тұрақты, инклюзивті әрі өркендеген мемлекет құруға мүмкіндігі бар екенін мәлімдеді, деп хабарлайды БҰҰ Жаңалықтары.
Дамаскіде Сирияның Сыртқы істер министрі Асаад аш-Шибанимен бірге өткен баспасөз мәслихатында Гутерриш бұл сапарын «аса маңызды» деп атады. Ол БҰҰ-ның Босқындар ісі жөніндегі бұрынғы Жоғарғы комиссары әрі кейін Бас хатшы ретінде сириялықтармен ұзақ жыл бойы жұмыс істегенін еске алды.
Гутерриштің айтуынша, ол 2011 жылы Сирияда халыққа қарсы қатаң қуғын-сүргін басталғаннан бастап Асад режимі құлағанға дейін бұл елге әдейі келмеген.
Бас хатшы сириялықтардың ұзақ жылдар бойы қиындық, қайғы мен белгісіздікті бастан өткергеніне қарамастан, олардың төзімділігі мен әлеуетін сақтап қалғанын атап өтті.
— Бүгінде Сирия жаңа мүмкіндіктердің алдында тұр. Бұл тек соғыстың зардаптарын еңсеруге ғана емес, тұрақты, инклюзивті және гүлденген болашақтың негізін қалауға берілген мүмкіндік, — деді ол.
Гутерриш елді қалпына келтіру үшін әрбір сириялық өзін мемлекет болашағының бір бөлшегі ретінде сезінуі қажет екенін айтты. Оның сөзінше, Сирияның келешегін сириялықтардың өздері айқындап, болашақ ұрпаққа қызмет ететін мемлекеттік институттарды қалыптастыруы тиіс.
Сонымен қатар БҰҰ Бас хатшысы он жылдан астам уақытқа созылған қақтығыстан кейін Сирияның халықаралық қолдаусыз қайта қалпына келе алмайтынын мәлімдеді.
— Қазір халықаралық қауымдастық Сирияны қолдайтын уақыт келді. Елді қалпына келтіру — гуманитарлық міндет қана емес, бейбітшілікке, дамуға және өңірлік тұрақтылыққа салынатын инвестиция, — деді ол.
Ол халықаралық қаржы институттары мен даму жөніндегі серіктестерді Сирия экономикасы мен инфрақұрылымын қалпына келтіруге, негізгі қызметтердің жұмысын жандандыруға, жұмыс орындарын көбейтуге және босқындардың оралуына қолдау көрсетуге шақырды.
Гутерриш сондай-ақ БҰҰ Сирияның егемендігін, тәуелсіздігін және аумақтық тұтастығын толық қолдайтынын атап өтті.
— Сирияның егемендігі мен аумақтық тұтастығын бұзу — жол беруге болмайтын әрекет және ол тоқтатылуы тиіс, — деді ол.
Голан жоталарына қатысты пікір білдірген Бас хатшы бұл аумақтың Сирия жері екенін еске салып, өңірдегі қазіргі жағдайдың қабылдауға болмайтынын айтты.
Сапар барысында Антониу Гутерриш Сирия президенті Ахмед аш-Шараамен, жоғары лауазымды тұлғалармен, БҰҰ-ның Голан жоталарындағы Бақылау күштері өкілдерімен, сондай-ақ әйелдер ұйымдары және азаматтық қоғам өкілдерімен кездеседі деп жоспарланған.
Дүйсенбі күні ол Сирия Араб Республикасының жаңа Халық жиналысында сөз сөйлеп, кейін Кипрге аттанады.
Айта кетелік Макрон билік ауысқаннан бері Сирияға барған ЕО-дағы алғашқы мемлекет басшысы болған еді.