БҰҰ Даму бағдарламасының «Қазақстанға медиация институтын енгізу» жобасын іске асыру жайы талқыланды

Жоғарғы Сотта өткен іс-шараға Департаменттің құрылымдық бөлімшелерінің басшылары, БҰҰДБ сарапшысы И.Апанасевич және бағдарламалық маман М.Нарқұлов қатысты.
Тараптар БҰҰ Даму бағдарламасының 2012-2014 жылдарға арналған «Қазақстанға медиация институтын енгізу» жобасын іске асыру қорытындысын талқылады.
Мәселен, елімізде аталған жылдар ішінде 240 медиатор оқытылып, 53 жаттықтырушы даярланған. Тұрғындар арасында медиация институтын насихаттауға бағытталған бірқатар іс-шаралар өткізілді. Атап айтқанда, халықаралық конференциялар, өңірлік семинарлар, дөңгелек үстелдер және т.б. Медиация туралы деректі фильм мен роликтер түсіріліп, олар республикалық телеарналардың эфирі арқылы көрсетілді.
Кездесу барысында 2014-2016 жылдарға арналған «Сот мониторингі жүйесін жетілдіру» бірлескен жобасын іске асырудың тәжірибелік мәселелері талқыланды.
Аталған жоба айқындықты арттыру, қоғамдық бақылауды күшейту, судьялар мен сот органдары басшыларының кәсіби деңгейін нығайту арқылы сот төрелігіне қолжетімділікті кеңейтуге ықпал ететін болады. Жобаны іске асыру сот қызметіне мониторинг және судьяларды оқыту бағыттары бойынша жүзеге асырылады.
Бірінші бағыт бойынша ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында БҰҰ ДБ-ның Қазақстандағы өкілдігі тәуелсіз әлеуметтік сауалнама жүргізді. Зерттеу халықаралық сарапшылардың, соның ішінде ғылым докторы, соттардың қызметін бағалау жөніндегі халықаралық консорциум кеңесшісі Пим Альберстің ұсынымдарына сәйкес жүргізілді. 12 мыңнан астам респондентке сұрау салынған.
Зерттеу нәтижелері бойынша, сұрау салынғандардың сот қызметін алу қолжетімділігіне қанағаттану деңгейі жоғары. Республика бойынша респонденттердің 87 пайызға жуығы сот ақпаратын беру тілінің қолжетімділігіне қанағаттанушылық білдірген. Олардың 76,3% - консультация алу барысындағы кеңсе қызметкерлерінің қолжетімділігін атап көрсеткен. Сұрау салынғандардың 74,1% соттар туралы ақпараттың қолжетімділігіне қанағаттанушылық танытқан.
Сотқа келушілерге тиісті жағдай жасау және жоғарыда аталған көрсеткіштерді жақсарту мақсатында Департамент ағымдағы жылдың екінші жартыжылдығына арналған іс-шаралар жоспарын әзірледі. БҰҰ ДБ тарапынан әлеуметтік зерттеулер 2015 жылдың екінші жартыжылдығында да жалғасын табатын болады.
БҰҰ ДБ-ның мемлекеттік басқару сапасын арттыру саласындағы өзге де жобаларымен үйлесімділікті қамтамасыз ету мақсатында жергілікті соттардың қызметкерлері де мемлекеттік органдар мен олар ұсынатын қызметтің тиімділігін бағалау әдістемесі, соның ішінде жаңа заңнамалық актілер мен реформалар бойынша оқудан өтетін болады.
Аталған іс-шаралар сот төрелігін жүзеге асырудың тиімділігін арттыруға және жұртшылықтың сот жүйесіне деген сенімін нығайтуға бағытталған.