БҰҰ Газа секторында 1 миллион тұрғынға гуманитарлық көмек үлестірді
АСТАНА. KAZINFORM — БҰҰ Дүниежүзілік азық-түлік бағдарламасының (ДБАБ) қызметкерлері атысты тоқтату туралы келісім күшіне енген күннен бері Газа секторында шамамен 1 миллион адамға азық-түлік жиынтығын таратты. Алайда ұйым өкілдері мұндай көмек көлемі қазіргі күрделі жағдайда жеткіліксіз екенін мәлімдеді, деп жазды Анадолы.
Бұл туралы ДБАБ-тың Таяу Шығыс, Солтүстік Африка және Шығыс Еуропа бойынша коммуникациялар жөніндегі аймақтық аға маманы әрі баспасөз хатшысы Абир Этефа мен ұйымның Газа секторындағы өкілі Нур Хаммад БҰҰ-ның Женевадағы апталық баспасөз конференциясында онлайн форматта хабарлады.
Этефаның айтуынша, атысты тоқтату келісіміне қол қойылғанына шамамен бір ай болды.
— Біз Газа секторында шамамен 1 миллион адамға азық-түлік тараттық. Бұл — аштықпен күресуге бағытталған кешенді операцияның бір бөлігі. Бірақ көмекті уәде етілген деңгейге дейін кеңейту үшін бізге көбірек қолжетімділік, қосымша шекара өткелдерін ашу және жолдардың өткізу қабілетін арттыру қажет, — деді ол.
Оның айтуынша, көмек тарату әлі де шектеулі. ДБАБ атысты тоқтатқаннан кейін 1,6 млн адамды қамтуды мақсат еткен, бірақ әзірге 1 млн адамға ғана көмек көрсетілді.
Қазір Газа бойынша 44 азық-түлік тарату пункті жұмыс істейді. Сондай-ақ ДБАБ қолдау көрсетіп отырған 17 наубайхана күніне 700 мың адамды жаңа піскен нанмен қамтамасыз етіп отыр.
Этефаның дерегінше, қазан айында 150 мың әйел мен бес жасқа дейінгі бала маңызды тағамдық қоспалар алды — бұл жоспарланған көлемнің шамамен жартысы.
— Атысты тоқтатқаннан кейін жүздеген мың адам Газаның солтүстігіне оралды, бірақ олардың көбісі қираған үйлерінде тұрып жатыр. Азық-түлікке қол жеткізу әлі де күрделі. Көптеген босқын отбасылар сектордың оңтүстігінде шатырларда тұрып, негізгі қажеттіліктерге зәру, — деді Этефа.
Оның айтуынша, гуманитарлық көмек пен аздаған коммерциялық жүк жеткізіліміне байланысты қазан айының ортасында азық-түлік тұтыну деңгейі сәл жақсарғанымен, ол әлі де қақтығысқа дейінгі межеден әлдеқайда төмен.
Ал ДБАБ өкілі Нур Хаммад Газаның солтүстігіне гуманитарлық көмектің жеткіліксіз екенін атап өтті.
— Атысты тоқтату үміт ұялатып еді, бірақ тұрғындар әлі де белгісіздік пен үрейде өмір сүріп жатыр. Бұл олардың психологиялық жағдайына қатты әсер етуде, — деді ол.
Айта кетейік, Израиль Газа секторында атысты тоқтату режимін тағы да бұзды.