БҰҰ Иранды өлім жазасына мораторий енгізуге шақырды
АСТАНА. KAZINFORM — БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі Жоғарғы комиссары Фолькер Тюрк биылғы жылы Иранда өлім жазасына кесілгендердің күрт өсуіне қатты алаңдаушылық білдіріп, өлім жазасына тез арада мораторий жариялауға шақырды, деп хабарлайды БҰҰ жаңалықтары.

БҰҰ мәліметінше, Иран 2025 жылдың бірінші жартыжылдығында кемінде 612 өлім жазасын орындады, бұл 2024 жылдың осы уақытындағы 297 өлім жазасынан екі есе көп. Құқық қорғаушыларды өлім жазасына кесілгендер арасында әсіресе ұлттық азшылық өкілдерінің пропорционалды емес болуы алаңдатып отыр.
— Қазіргі кезде кемінде 48 адам өлім жазасына кесілген, соның 12-сі жақын арада көз жұмады, — деді Фолькер Тюрк.
Биыл өлім жазасына кесілгендердің 40 пайыздан астамы есірткіге қатысты айыппен сотталған. Басқалары билік тарапынан басқаша көзқарас және саяси қарсыластарды басу үшін жиі қолданатын «Құдаймен дұшпандық» сияқты түсініксіз шарттармен сотталды.
Тюрктің айтуынша, көптеген іс жабық есік жағдайында қаралып жатыр және әділеттілік пен әділ соттың негізгі принциптерін жүйелі түрде бұзады.
Иранның Конституциясының сақшылары кеңесі қазіргі кезде «дұшпандық мемлекеттермен ынтымақтастық» анықтамасын айтарлықтай кеңейтетін заң жобасын қарастырып жатыр. Тыңшылық үшін өлім жазасына кесетін заң онлайн байланыс, шетелдік БАҚ-пен ынтымақтастық және тіпті «идеологиялық келіспеушілік» сияқты әрекеттерді қамтуы мүмкін. Жоғарғы комиссар заң жобасын «қауіпті» деп атап, оны жоюға шақырды.
— Өлім жазасы өмір сүру құқығымен үйлеспейді және адам қадір-қасиеті тұрғысынан қабылданбайды. Мен Иранды өлім жазасын жою үшін жаһандық қозғалысқа қосылуға және мораторий енгізуден бастауға шақырамын, — деп қорытындылады Фолькер Тюрк.
Айта кетелік Иранда 2023 жылы Әзербайжан елшілігіне шабуыл жасаған адам өлім жазасына кесілген еді.