БҰҰ қарт адамдардың құқықтарын қорғау тәсілдерін қайта қарауға шақырды
АСТАНА. KAZINFORM - Халықтың қарқынды қартаюы және когнитивтік бұзылыстар санының өсуі қарт адамдардың құқықтарын қорғауға қатысты жаңа тәсілді талап етеді, деп хабарлайды БҰҰ жаңалықтар қызметі.
Бұл туралы БҰҰ-ның қарт адамдардың құқықтары жөніндегі тәуелсіз сарапшысы Звездан Пиртошек БҰҰ Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің 63-сессиясында баяндамасын таныстыру кезінде мәлімдеді.
Оның айтуынша, қоғам әлі де егде жасты дәрменсіздік пен дербестіктен айырылу тұрғысынан қабылдайды. Мұндай көзқарас қарт азаматтарға көрсетілетін күтім талаптарының төмендеуіне және олардың құқықтарының шектелуіне әкелуі мүмкін.
Сарапшы когнитивтік бұзылыстар адамның қадір-қасиетін, құқық субъектілігін немесе негізгі адам құқықтарын жоғалтуды білдірмейтінін атап өтті. Сөйлеу және ойлау қабілетінде қиындықтар болса да, қарт адамдар өз құндылықтарын, әдеттерін сақтайды және өміріне қатысты шешімдер қабылдауға қатысуға құқылы.
Пиртошек медициналық диагноз адамның әрекет қабілеттілігін шектеуге негіз болатын жағдайларға да назар аударды.
Оның айтуынша, туыстар мен мамандардың міндеті – адам үшін шешім қабылдау емес, оның өз еркін білдіруіне және мүмкіндігінше дербестігін сақтап қалуына жағдай жасау.
Сарапшының пікірінше, бұл ретте мемлекеттер ерекше рөл атқаруы тиіс. Ол жасына немесе диагнозына байланысты адамдардың құқықтарына нұқсан келтіруі мүмкін заңнаманы қайта қарауға, сондай-ақ ең алдымен адамның өзіне бағдарланған ұзақ мерзімді күтім жүйесін дамытуға шақырды.
БҰҰ-да медициналық және әлеуметтік көмектің тиімділігін тек клиникалық көрсеткіштер бойынша ғана емес, қарт адамның өз өміріне ықпал ету мүмкіндігін сақтап қалған-қалмағаны арқылы да бағалау қажет екенін атап өтті.
Осыған дейін Қазақстанда қартарға қандай әлеуметтік қолдау көрсетілетіні туралы жаздық.