Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

БҰҰ-ның Даму бағдарламасының өкілдері Семей аймағындағы тұрғындарға кәсіпкерлікпен айналысуға мүмкіндік жасамақ

АСТАНА. Қыркүйектің 29-ы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - «Біз Семей полигоны аймағындағы тұрғындарға микронесиелер беріп, кәсіпкерлікпен айналысуға жол ашсақ, ондағы жағдай біршама оңалар еді.

БҰҰ-ның Даму бағдарламасының өкілдері Семей аймағындағы тұрғындарға кәсіпкерлікпен айналысуға мүмкіндік жасамақ

Сонымен қатар бізге қазір осы аймаққа денсаулық сақтау саласы бойынша да жаңа тиімді технологияларды жеткізіп, денсаулық сақтау қызметінің сапасын жетілдіру қажет». Бұл туралы бүгін Астанада   Семей полигонындағы жағдайды оңалтуға байланысты өткен дөңгелек үстел отырысында БҰҰ-ның даму бағдарламасының Қазақстандағы тұрақты өкілі Хаолянь Шу мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның пікірінше, бұл шаралар аймақта жаңа жұмыс орындарының ашылуына жол береді. «Осы арқылы біз аймақтағы тұрғындардың болашаққа деген сенімін нығайтып, олардың әл-ауқатын арттыруда өздерінің бойларындағы мүмкіндіктерді жүзеге асыруға жағдай жасаймыз» деді тұрақты өкіл.

Оның сөзінше, Семей аймағында болған сансыз сынақтар аймақтың дамуына үлкен кедергі болып, ондағы халықтың жағдайы мүлдем төмендеп кетті. Ең бастысы аймақтағы жағдайға тек радиоактивті заттар ғана зардабын тигізіп отырған жоқ. Ол жердің экологиялық жағдайы нашарлады. Ал оны дамытуда нақты жоспарлар жоқ. Аймақ тұрғындары болса, өздеріне өздері жағдай жасай алмай отыр. «Қазақстан Үкіметі, әрине Семей халқына қол ұшын созуда көп жұмыстар атқарып жатыр. Үкіметтің бұл бағыттағы жұмыстары  тұрғындарды әлеуметтік жағынан қорғау шараларына бағытталуда. Осыған орай аймақ халқы қазір мемлекеттің көмегіне телміріп отыр. Бұндай шаралар арқылы елдің әлеуметтік экономикалық жағдайын жедел дамыту мүмкін емес. Сондықтан Семей полигоны халқының тек мемлекет тарапынан көрсетілетін көмекке ғана қарап отыруына жол бермеуіміз қажет», деді Хаолянь Шу.

Сондай-ақ ол өз сөзінде Қазақстанның ядролық қарудан бас тартуда аймақтағы лидерлердің бірі болып отырғандығын және осы арқылы әлемдік қоғамдастыққа үлкен қызмет көрсетіп отырғандығын атап көрсетті. «Халықарлық қоғамдастық Қазақстанның алдында қарыздар. Сондықтан да біз осы елге ядролық сынақтардың зардабын жоюға қол ұшын созуға міндеттіміз», деді тұрақты өкіл.