БҰҰ-ның Негізгі бағдарламасының жаңа топтамасын қабылдауға үлкен мән-мағына беріліп отыр - Н. Дәненов
АСТАНА. Сәуірдің 3-і. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - ЮНДАФ-тың негізгі артықшылығы ретінде Қазақстандағы БҰҰ агенттіктері қызметінің үйлестіру шараларының дамуын айтуға болады.
Бұл туралы бүгін Астанада 2010-2015 жылдардағы БҰҰ-ның даму мақсатында көмек көрсету жөніндегі Негізгі бағдарламасына (ЮНДАФ) қол қою кезінде Сыртқы істер министрінің орынбасары Нұрлан Дәненов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, ЮНДАФ Қазақстан мен БҰҰ арасындағы ынтымақтастықтың үш негізгі басымдықтарын айқындайды. Олардың ішіне экономикалық және әлеуметтік әл-ауқат, қоршаған ортаның тұрақтылығы, мемлекеттік тиімді басқару шаралары кіреді.
«ЮНДАФ-тың негізгі артықшылығы ретінде Қазақстандағы БҰҰ агенттіктері қызметінің үйлестіру шараларының дамуын, сондай-ақ олардың жобалық жұмыстарының жалпы бағытының айқындалуын айтуға болады. ЮНДАФ БҰҰ-ның мамандандырылған ұйымдарының ішінде жобалардың қайталануы мен қосарлануына жол бермейді және жинақталған тәжірибенің өзара алмасуын, осыған сәйкес жобалардың орындалуы тиімділігін арттырады», - дейді министрдің орынбасары.
Н. Дәненов Қазақстанның дамуына көмек көрсету жөніндегі БҰҰ-ның Негізгі бағдарламасы жаңа топтамасының қабылдануына үлкен мән-мағына беріліп отырғандығын атап өтті.
Бұл бағдарлама бес жылға есептелген. 2010-2015 жылдарға арналған Негізгі бағдарлама осымен үшінші рет қабылданып отыр.